Әскер
2 мин оқу 90

Жүзден жүйрік шыққан сержант

<p style="text-align: justify;">35748 әскери бөлімі мергендер взводының сержанты Әсілбек Қарабай Қазақстан Қарулы күштері сержанттарының арасындағы XIV бүкіл армиялық конкурсында жеңімпаз атанды. Бұл жарыста ол &laquo;Үздік взвод сержанты&raquo; аталымында жеңіске жетіп, батылдық пен кәсіби шеберліктің жарқын үлгісін көрсетті.</p>

Жүзден жүйрік шыққан сержант

Байқауда Қарулы күштердің 118 үздік сержанты бақ сынады. Олар – өз әскери бөлімдерінде, әскер түрлері мен тектерінде іріктеу жарыстарынан топ жарып, ақтық кезеңге қатысуға жолдама алғандар.

Әсілбек осы конкурста жеңіс­ке жету үшін көп еңбектенді. Алдын ала жаттығулар жасап, са­йыс барысында табандылық пен қайсар мінез көрсетті. Осылай­ша, ол өзінің әскери бөлімінде, содан соң «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында үздік екенін дәлелдеді. Отан қорғайтын жа­уынгер қай кезде де мықтылы­ғын көрсетіп жүру керек.

Іріктеу жарыстарында Әсілбек ерекше дене жат­ты­ғу­ларымен көпшілікті тәнті етіп қоймай, сонымен қатар әскери тарих саласында да терең білімі бар екенін байқатты. Оның ең­бекқорлық қасиеті мен өз ісіне деген адалдығы жарыста жеңіс­ке жетуіне себепші болды. Деген­мен сайыстың соңғы кезеңдері бар­лық қатысушыға бірдей өте қиын­ға соққанын мо­йындау керек.

Жарыс барысында сержант Әсілбек Қарабай «Айбын» әс­кери-спорт кешенінде бірқа­тар жауынгерлік, спорттық сы­нақ­тардан өтті. Бұл кешенде әске­рилер 100 метр, 3 шақырым қа­шықтыққа жүгірді, кермеде тартылып, қоян-қолтық ұрыс­тан жекпе-жекке шықты. Атал­ған сынақтар тек физикалық күш­ті ғана емес, ептілікті, төзімді­лік пен стрестік жағдайларда тез шешім қабылдай білуді қажет ететіні белгілі.

Жамбыл облысында орна­лас­қан «Айша бибі» полигонын­да Әсілбек «Қайсар» әскери-кәсіптік кешенінде сайысты. Он­да ол қиы­лысқан жерлер бо­йынша ұзақ қашықтыққа жүгі­ру­ден жарыс­ты. Мұнда да сар­баз өзінің қарумен ­оқ ату, граната лақтыру шеберлі­гін көрсетті, өзінің жоғары кәсібилі­­гін тағы бір мәрте дәлелдеп, мерген­дер взводының сержанты лауазымына лайықты екеніне күмән қалдырмады. Сондай-ақ сержанттар «Керуен шеруі» деп аталатын тағы бір сынақтан өтті. Бұл ер азаматтардың нағыз төзімділігін сарапқа салған жарыс болды. Сол байқауда үміткерлер 10 ша­қырым қашықтықты салмағы 15 килолық сөмкені арқаланып еңсерді.

Ал «Сері» әдеби-көркемөнер байқауында Әсілбек пен оның қарсыластары әскери дайындық машықтарынан бөлек әртүрлі өнері мен таланттарын ортаға салды. Бұл байқауда қатысушы­лар өздерінің шығармашылық қабілеті бойынша өзара бақ сынасты.

Сонымен, Әсілбек Қарабай­дың «Үздік взвод сержанты» аталымын жеңіп алуы – оның жеке марапаты ғана емес, әскери бө­лім мен «Оңтүстік» өңірлік қол­басшылығының да үлкен жетіс­­тігі. Сөз жоқ, әріптесінің биік тұ­ғыр­дан көрінуі оның қызметтес­те­ріне үміт пен жігер сыйлады. Қазіргі тілмен айтқанда, қа­ра­пайым сер­жанттың жарыс­тағы жеңісі қасын­дағы әріптестері­не тек алға ұмтылуға керемет мотивация берді.

«Әсілбек Қарабай – өз кәсі­бі­не нағыз адал жан, талапты да ең­бекқор адам. Мүмкін осы қасиет­­терінің арқасында болар, ол бай­­қаудағы сынақтардан сүрін­бей өтіп, үлкен мақсаты­на қол жет­кізді, жеңімпаздың ен­дігі жетіс­тігін басқа әріптестері де жал­ғас­­тырар деген үміттеміз», деді әскери бөлім басшылығы.

ШЫМКЕНТ 

Бөлісу:
Жүзден жүйрік шыққан сержант · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар