Саясат
4 мин оқу 111

Парламентаралық байланыс жандана түседі

<p style="text-align: justify;">Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Кездесу барысында тараптар бірқатар маңызды мәселені талқылап, Парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған практикалық іс-шаралар жоспарына қол қойды.</p>

Парламентаралық байланыс жандана түседі

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Валентина Матвиенконы Ресейде бүгін аталып өтіп жатқан Конс­титуция күнімен құттық­тады. Сондай-ақ ол Ресей парламен­таризмі­нің қазіргі тарихы да 1993 жыл­дың 12 желтоқсанынан бастау алатынын тілге тиек етіп, аталған датаның символикалық мәніне назар аударды. Сенат төрағасы бүгінде көпқырлы Қазақстан – Ресей байланысы барлық негізгі бағыт бойынша тиімді дамып келе жатқанын айтты. Бұған, ең алдымен, мемлекет басшыларының өзара қарым-қаты­насы ықпал етіп отырғаны анық.

«Ресей – Қазақстанның негізгі саяси және экономикалық серіктесі. Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан мен Ресей арасын­дағы қарым-қаты­нас берік және мызғы­мас достық­тың үлгісі. Ынтымақтастық­тың бар­лық саласында өзара іс-қимыл­дың дәйекті және тиімді дамуы осын­дай қатынастың дәлелі екені сөзсіз. Бұл сапар да парламентаралық ынтымақтастық­тың жоғары сер­пінін сақтауға өз сеп­тігін тигізеді деп сенеміз. Жалпы, біздің негізгі міндетіміз – мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген барлық уағдаластықты тиімді іске асыруға ықпал ету», деді Сенат төрағасы.

Кездесу кезінде М.Әшімбаев пен В.Матвиенко парламентаралық  байланыстарды нығайту перспективаларына және Парламент палата­ларындағы салалық комитеттердің өзара іс-қимылы мен халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтас­тық мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ Парламент Сенаты мен Федералдық Жиналыстың Феде­рация Кеңесі арасындағы Ынты­мақ­тастық жөніндегі комиссияның жұмыс тиімділігі сөз болды.

«Бүгінде депутаттар арасында өзара сенімге негізделген диалог пен достық қалыптасты. Ол ел­дері­міз арасындағы одақтастық қаты­настар рухына табан тірейді. Біз­дің тұрақты кездесулеріміз екі елдің парламентаралық ынтымақ­тастығын жүйелі түрде дамытуға және ортақ міндеттерді жедел шешуге ықпал етеді. Сенат пен Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөнін­дегі комиссияның жұмысы да өзара іс-қимылымызға жүйелі сипат береді. Парламентаралық ынтымақтастық­ты дамытудың 2025–2027 жылдарға ар­налған прак­ти­калық іс-шаралар жос­пары­­на қол қою алдағы кезеңге ар­нал­­ған өзара іс-қимылдың басым сала­­­­ларын айқындауға, депутат­­тар мен ап­па­­раттардың жұмы­сын нақ­тылауға және елдеріміз­­дің пар­ламентаралық ын­­ты­­мақ­тастығын жандандыруға тың сер­­пін береді деп сенеміз», деп Сенат төр­­ағасы ТМД Парламентаралық Ассамб­­­леясы жұмысының әлеуетін одан әрі ны­ғай­тудың маңызды екенін айтты.

Сонымен қатар кездесуде сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация, туризм, цифрландыру және басқа да басым бағыттар бо­йын­ша Қазақстан мен Ресей Пар­ламенттері депутат­тары­ның алдағы өзара іс-қимылын одан әрі арттыруға арналған міндеттер белгіленді.

Федерация Кеңесінің төрағасы В.Матвиенко Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерді жоғары бағалап, пар­ламентаралық байланысты әрі қарай жандандыруды көздейтін перспектива­лық салаларға назар аударды.

«Мемлекет басшыларының ерік-жігерінің арқасында елдеріміз арасындағы қарым-қатынас жаңа сын-қатерлерге қарамастан бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Осы ретте елдеріміздің Президент­тері қабылда­ған маңызды шешімдер заңнамалық қолдауды қажет ететіні анық. Бұл істе Пар­ламенттеріміз­дің палаталары ара­сындағы іс-қимыл жоспары нақ­ты тетік бола алады. Сол арқылы пар­­ламенттік байланысты дамытуға және нығайтуға ықпал ететін шараларды іске асырамыз. Жалпы, біздің жоғарғы палаталар арасындағы қарым-қатынас жүйелі сипатқа ие екенін атап өткен жөн. Осы бағыт­тағы ынтымақтастық екіжақты негіз­де және көпжақты алаңдарда қар­қынды дамып келеді», деді В.Матвиенко.

Сұхбат кезінде өңіраралық байланыс­тарды кеңейту бірлескен жұмыстың басым бағыттарының бірі ретінде белгіленді.

«Сенат – Федерация Кеңесі сияқ­ты өңірлердің мүдделерін қор­ғай­тын палата. Сондықтан біз үшін ай­мақ­тардың дәйекті әлеу­мет­тік-эконо­микалық дамуы­на қажетті жағдай жасау аса маңызды. Биыл 27 қарашада Уфа қаласында ХХ Өңір­аралық ынтымақтастық форумы өтті. Іс-шараға бейнебайланыс ре­жімін­де мем­лекеттеріміздің басшылары қатыс­ты. 2024–2028 жылдарға ар­нал­ған өңір­аралық және шекара ма­ңындағы өзара іс-қимыл­дың ауқым­ды бағ­дарламасы қабыл­данды. Онда 150-ге жуық бірлес­кен іс-шара мен түрлі жобалар қам­тыл­ған. Бағдарламаны жүзеге асыруға Пар­ламент депутаттары­ның да үлес қосуы айрықша мән­ге ие. Бұл бағыт­тағы нақты мәселе­лер­ді бірлес­кен комиссия аясында талқылауға болады», деді М.Әшімбаев.

Кездесуде мәдени-гуманитар­лық саладағы ынтымақтастықты ны­ғай­­тудың маңызына да баса мән бе­ріл­ді. Бұл ретте халықаралық қа­ты­­нас­тар жүйесінде іргелі рөл ат­қа­р­а­тын білім беру және ғылыми бай­ланыс­тарды дамыту жөнінде сөз болды.

«Келесі жылы қазақтың көрнек­ті ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Осы мерей­той қарсаңында Қазан қала­сында ойшылдың бюсті орнатыл­ды. Ал Мәскеудегі Үлкен театр­да «Абай» операсы қазақ тілінде сахналанды. Білім беру саласын­дағы ынтымақтастық та белсенді дамып келеді. Елдеріміздің Прези­дент­терінің шешімімен Омбыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің филиалы ашылады. Бұл қазақстандық жоғары оқу орын­дарының Ресейдегі алғашқы өкілдігі болатынын атап өткен жөн. Жақын арада Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында МГИМО филиалын ашу да жоспарланып отыр», деді Сенат төрағасы.

Келіссөздердің нәтижесінде Сенат­та Парламентаралық ынты­мақ­тастық­ты дамытудың 2025–2027 жылдарға арнал­ған практикалық іс-шаралар жоспарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парла­менті Сенатының Аппараты мен Ресей Фе­дерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Аппара­ты арасындағы Ынтымақтас­тық туралы келісімге қол қойылды. 

Бөлісу:
Парламентаралық байланыс жандана түседі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар