Әдебиет
2 мин оқу 140

Сейіт ағамен сырласу

<p style="text-align: justify;">2011 жыл. Ақпан айы. Ауа райы сан құбылып тұрған кез. Бірде боран, бірде аяз. Дәл сондай күні &laquo;Мәдени мұра&raquo; журналына Сейіт аға келді. Кәдімгі сыршыл ақын Сырбай Мәу&shy;ленов &laquo;Қыр елінің Крыловы&raquo; деп атаған белгілі сатирик, этнограф, ел Тәуелсіздігіне аянбай еңбек еткен тұлға Сейіт Кенжеахметұлы.</p>

Сейіт ағамен сырласу

Бойына артық ет жинамай, қашанда бәйгеге шабатын жыл­қыдай жарау жүретін қаламгер:

 – Президенттік мәдениет орта­лығына бір шаруамен келіп едім. «Мәдени мұра» журналы осында дегеннен кейін соға кетейін, деп күлімсіреп есіктен кірді.

Шұқшиып жазу жазып отыр­ған редакторымыз сатира саңла­ғының жадырап шыққан даусын есті­геннен кейін келген қонақты орнынан тұрып, қуана қарсы алды. Төрге шығарды.

– Секе, ертеде «Ана тілі» газе­тіне этно­графиялық дүниелеріңіз көп шығушы еді. Жұрт қызығып оқитын. Соларыңды бізге де бе­ріңіз. Келесі нөмірге ұсынайық. Қаламақыңызды төлейміз, – деп Дүкен­бай аға оны сөзге тартты.

– Жазылған дүние көп. Жария­лай­­­­мын десеңіздер бе­ремін. Қалам­ақы төле­­сеңіздер жақсы екен. Біз оны ұмытып кет­кен едік – деп ол кісі риза­шылық біл­дір­ді.

Кабинеттің іші кең. Атшап­тырым десе болады. Осында бас редактормен бірге бәріміз отырамыз.

Дүкенбай ағаның бір ерек­шелігі, жұмысқа уақытында ке­леді. Бір минут кешікпейді. Сондай тәртіп­ке үйренген. Біздің де сондай бол­ғанымызды ұнатады. Ол кісі барда бөлмеде шыбын ызы­ңы естілмейді. Тыныштықта жазу жазғанды жақсы көреді. Айына бір шы­ғатын журналда көп жұмыс жоқ. Әрі кетсе, бір нөмірді екі-үш күнде дайындаймыз. Содан кейін боспыз. Ал редакторымыз біз секілді емес. Уақытты қатты қадір­лейді. Қолы қалт етсе жазып жүрген шы­­ғар­­масын күзеп-түзей­ді. Кейде ақ парақ беті қызыл сиядан көрінбейді.

Екі қаламгердің басы қосыл­ған­нан кейін әңгіме көрігі қызды. Сейіт аға жазушының жа­қында бір республикалық басылымнан «Папирустағы жыр» атты әңгімесін оқығанын, соның бас кейіпкері орыстың әйгілі жазушысы Илья Эренбург туралы сұрады. Дүкенбай аға оны Мәс­кеу­дегі сая­жайына іздеп барғанға дейін басынан өткен оқиғаларды, атақ­ты суреткер қазақтың жас қалам­герін өте жылы қа­былдағанын бүге-шігесін қалдырмай айтты. Бұл әң­гімені біз де қызығып тың­дадық. Сөйтіп, отырғанда түс бол­ды. Сейіт ағамен бірге сыртқа шық­тым. Екеу­міздің бағы­тымыз бір екен. «Самал» шағын ауда­нынан сол жағалауға жүретін №10 автобусқа міндік. Адам лық толы. Бос орын жоқ.

Алдыңғы қатарда отырған бір жас жігітке: –Үлкен кісіге орын бересіз бе? – деп өтініш айтып едім, ол ештеңе естімегендей кейіп танытты. Соны байқаған Сейіт аға арқамнан қағып: – Айналайын, қажет емес. Бұларға қара­ғанда мен жаспын ғой. Алыс жер емес, қазір түсеміз. Тік тұр­ған денсаулыққа жақсы. Осылай тұра берейік, – деп, сипай қамшы­лап әзілдеді. Сөй­тіп, алтыншы аял­дамаға дейін тұрып барды. Одан соң Сейіт ағаны түр­лі жиында екі-үш мәрте көрдім. Со­дан кейін көп ұзамай дүние салды.

Биыл көзі тірі болса 85-ке келер еді.

Бөлісу:
Сейіт ағамен сырласу · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар