Қоғам
2 мин оқу 180

Президент сыйлаған шаттық

<p style="text-align: justify;">Желтоқсанның жылжабар сәті жақындаған сайын жаңа арман мен үлкен үміттің жетегінде жүретін балалар үшін Жаңа жыл &ndash; нағыз ғажайыпқа толы мереке. Ал ел балаларына ерекше шаттық сыйлайтын Президент шыршасының дуы да, думаны да тым бөлек. Жылдағы дәстүрмен елорда төрінде биыл да Мемлекет басшысының атынан &laquo;Жаңа жыл республика төрінде&raquo; атты жаңажылдық шырша өтті.</p>

Президент сыйлаған шаттық

Шаттыққа толы іс-шараға қатысқан оқушылар мерекелік киімі мен кейіпкерлік келбеті жағынан бірінен-бірі өтеді. Әсіресе олардың арасындағы сол­түстікқазақстандық 10 жас­тағы Әли Құдияровтың образы анадайдан өзіне еріксіз көз тартады. Әли – Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы Күлкөл ауылының Қ.Хадесов атындағы орта мектебінің оқушысы. Бұл мерекелік іс-шараға киіп келген «Өмір ағашы» костюмін өзінің анасы арнайы тігіп берген екен. Балақайдың үстіндегі «Өмір ағашы» костюмінің ең алдымен көзге түсетіні – алып бұтақтары. Ағаштың діңі ретінде жалғасқан костюмінің кеуде тұсына жеті атасы тізілген өз әулетінің шежіресі жазылған.

Ал арнаулы әлеуметтік қыз­­мет­терге мұқтаж балалар­ды қолдау орталығының тәр­бие­ленушісі ақмолалық Дарья Дячишина Президент­ке жаңажылдық шыршаға ша­қырғаны үшін алғысын білдір­ді. Киокушинкай каратэмен шұғылданатын оның жетістіктері көп.

«Бүгін Жаңа жыл шыр­ша­сы­на қатысу менің өмірім­дегі ең ерекше сәт, ұмытылмас үлкен оқи­ға болды. Мен көптеген сый­лық алдым, керемет шоудың куәсі болып, өзге өңірлерден келген өзім құралыптас балалармен таныстым. Президентке және ұйымдастырушыларға осы таңғажайып мерекені сыйлағаны үшін шексіз алғыс айтамын», дейді Дарья.

Мерекелік іс-шарада әр ба­лаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құт­тық­­тау ашықхаттары табыс етілді.

«Айналайын балақай! Сені Жаңа жыл мейрамымен құттық­таймын! Осы жарқын мереке өзіңді шаттыққа бөлесін! Әрда­йым жаңашылдыққа, жасам­паздыққа ұмтыл! Білімпаз, озат әрі зерек болып, жақындарыңды қуанта бер! Арманың асқақ, қиялың ұшқыр болсын! Саған зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін!» делінген Президент құттықтауында.

Ал мерекелік іс-шараға қатыс­қан Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп оқушыларымен бірге шырша шамын жақты.

«Бүгін әсем елордамызға елі­міздің түкпір-түкпірінен келген 100-ден аса бала жиналды. Бұл күндері сіздер қаланың көрікті жер­лерін аралап, еліміздің жетек­­ші оқу орындарында бол­ды­­ңыздар. 2024 жыл, расында, сіздер үшін жетістіктер мен жақ­сы жаңалықтарға толы жыл болды. Сіздердің ара­лары­ңызда білімі­мен үздік атанған­дар, жарыс­тар мен байқау­ларда оза шап­қандар да бар, сондай-ақ сіз­дер биылғы жылы жетіс­тік­тер­­мен бірге жаңа достар тап­ты­­ңыз­дар. Әрқайсылары­ңыз­дың жетіс­тіктеріңіз еліміздің бола­шағына қосылған маңызды үлес деп білемін. Мемлекет сіздер­дің бақытты балалық шақ­тарыңыз бен жарқын болашақтарыңыз үшін барлық жағдайды жасап келеді. Ал сіздердің міндеттері­ңіз – осы мүмкіндіктерді пай­да­ланып, жақсы оқу және жан-жақты даму, осылайша еліміздің адал да жауапты азаматы болып өсу», деді Ғ.Бейсембаев.

Елорданың үздік шығарма­шылық ұжымдарының әртістері мен қойылымдар балаларға мере­келік атмосфера сыйлады. Еліміздің танымал әртістері көңілді ән шырқап, балалар шыр­шаны айнала биледі. Осы респуб­ликалық шарша тойына дейін еліміздің әр қиырынан келген балаларға Астананың көрікті жерлеріне, оның ішінде театрға, кинотеатрға және мұражайларға экскур­сия ұйымдастырылды. Ал ең қызықты сәттердің бірі – іс-шара соңында әр балаға Мемле­кет басшысының атынан жаңа­жылдық сыйлық тарту етілді. 

Бөлісу:
Президент сыйлаған шаттық · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар