Жаңалықтар
2 мин оқу 362
Бір күнде үш амбулатория пайдалануға берілді
Өзге аудандармен салыстыра қарағанда облыс орталығына таяу орналасқан Зеленов ауданы тұрғындарының саны көбірек өсіп келеді. Бұл жағымды жайт табиғи өсім есебінен де, сонымен бірге, ішкі көші-қонның артуынан да анық байқалады. Ендеше, әлеуметтік-тұрмыстық және денсаулық сақтау нысандарын тұрғызу ісі де тұрғындар талаптары мен үндестік табуға тиіс. Оған облыстың Трекин, Махамбет және Мичурин ауылдарында бір күнде үш дәрігерлік амбулатория қатар ашылуы дәлел.
Айталық, мұнда алғашқы екі ауылдағы медициналық-санитарлық көмек беру нысанына қажетті 198,8 миллион теңге қаражат жергілікті бюджеттен жұмсалса, соңғысына 158,8 миллион теңге республикалық бюджеттен бөлінген. Жаңа үлгідегі кірсе шыққысыз қос қабатты сыңғырлаған ғимаратта тәулігіне жетпіс бес адам ем қабылдай алады. Ал бұдан кейінгі екі дәрігерлік амбулаторияда да он бес минуттың ішінде алпыс адамнан анализ алып үлгеруге мүмкіндік бар. Әлеуметтік құрылыстардың сапасы мен пайдалануға берілу мерзім мемлекеттік акт талаптарына сәйкес келеді.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, барлық амбулаториялар заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Ең бастысы, жаңа амбулатория ғимараттарының пайдалануға берілуіне орай жергілікті тұрғындар дертін анықтау және емделу үшін аудан, облыс орталықтарына сабылмайды. Олар алғашқы медициналық-санитарлық көмектің барлық кешенді түрлерін өз ауылдарында алады, – деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы,
Зеленов ауданы.
Суретте: Мичурин ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулаторияның сыртқы көрінісі.
Суретті түсірген
Темірболат ТОҚМАНБЕТОВ.Бөлісу: