Үкімет
2 мин оқу 151

Қазақстан мен Ресей тауар айналымы 30 миллиард долларға жетеді

<p style="text-align: justify;">ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин екіжақты келіссөздер жүргізді. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ Президенті Владимир Путин арасында екіжақты сауда көлемін арттыру бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды&nbsp;<a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>&nbsp;Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</p>

Қазақстан мен Ресей тауар айналымы 30 миллиард долларға жетеді

Келіссөз барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары қаралды. Өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік өнеркәсібі және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруға назар аударылды.

Сонымен қатар Үкімет басшысы екі мемлекет басшылары арасындағы тауар айналымын $30 млрд-қа дейін жеткізу жөніндегі уағдаластықтарына қол жеткізу мақсатында тасымалданатын тауарлар аталымын кеңейту маңызды екенін атап өтті.

«Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің бірлескен күш-жігерінің арқасында екіжақты ынтымақтастығымыз сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Маңызды міндет – жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Қазақстан Үкіметі тығыз өзара іс-қимыл жасауға және барлық салада ынтымақтастықты дамытуға дайын», деді Олжас Бектенов.

Үкіметтің мәліметінше, өткен жылдың 11 айында өзара сауда көлемі $24,2 млрд-қа жеткен. Сондай-ақ, 2024 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымы 5%-ға өсіп, $3,2 млрд-тан асқан.

«Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз. Біздің қарым-қатынасымыз достық, тату көршілік, өзара сыйластық және бір-бірінің мүдделерін ескеру қағидаттарына негізделген. Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында қарым-қатынастарымызды одан әрі дамыту жөнінде маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Екі ел үкіметтерінің міндеті - көшбасшыларымыз қол жеткізген келісімдердің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету», деді Михаил Мишустин.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар стратегиялық әріптестікті нығайтуға және барлық бағыт бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Бөлісу:
Қазақстан мен Ресей тауар айналымы 30 миллиард долларға жетеді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар