Жәдігер
2 мин оқу 73

Күміс тиын

<p style="text-align: justify;">&laquo;Есік&raquo; мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында ұйымдастырылған &laquo;Айлық жәдігер&raquo; жобасының кезекті санында Қарахан мемлекетінің басшысы Мансұр ибн Әлидің кезінде соғылған күмістелген мыс дирхемнің тарихы таныстырылды.</p>

Күміс тиын

Көненің көзіне айналған шақа 2017 жылдың 30 наурызында жеке кәсіпкер Айнаш Жа­манқұловадан музей қорына сатып алынған. Тиынның салмағы 4,3 г, диа­метрі 2,8 см. Шақадағы жазуларды филология ғылымдарының док­торы, шығыстанушы, түрколог, моң­­ғолтанушы Н.Базылхан мен ­тарих ғылым­дарының кандидаты, М.А.Усманов атындағы Алтын Орда тарихын зерттеу орталығының ғылыми қызметкері П.Н.Петров оқыған.

Музей-қорығындағы бұл моне­та – Қарахан дәуірінде айналымда болған тиындардың бір түрі. Бұл үлгідегі ал­ғаш­­­­қы дирхемдер Омейяд халифы Әбді әл-Мәлік ибн Мәруан кезінде 696 жылы Византия валютасына тәуел­ді­лік­тен арылу мақсатында калима және Құран аяттары жазылып, шы­ға­рыла бас­таған. Кейін Саманид, Қара­хан мем­ле­кеттері де сол үлгіде дир­­хем­дер соға бас­тады. Бірақ әр мемлекет ақша­сы­ның өзін­­­дік ерекшеліктері бол­ға­ны тура­лы тілге тиек еткен ­музей қызметкері К.Мөң­­ке­баев бұдан әрі шақа жөнінде сипат­тама берді.

«Оның аверсінде, яғни беткі жағында араб тілінде куфи жазуы­мен калиманың бірінші бөлігіне «Алладан басқа Құдай жоқ, ол жал­ғыз, әрі оның серігі жоқ», тиынды айналдыра «Алланың есімімен бас­таймын, дирхем Шелжі қаласында (жылы анықталмады) соғылды», деп жазылған. Яғни күміс шақа орта­ғасырлық Шелжі қаласында соғылған. Ал реверсінде, яғни артқы жағында калиманың екінші бөлігіне «Мұхаммед Құдайдың елшісі», халифтің есімі «Әл-Қадыр Биллаһ», деп жазылған. Көріп тұрғанымыздай, 992–1031 жылдары билік құрған Аббас халифаты халифінің есімі көрсетілген, өйткені ол кезде ақшаға халифтің есі­мін жазу дәстүрі болған. Қарахан қаға­наты – мұсылман мемлекеті, Аббас хали­фаты мұсылман әлемінің орталығы болғандықтан, халифтің есімі ақшаға жазылған. Шақада лақабы мен лауа­зымы айтылған Мансұр ибн Әли – Қара­хан қағаны Әли Арслан ханның ұлы. Әкесі қайтыс болғаннан кейін билікке кел­ген ағасы Ахмед ибн Әли Арслан хан­ның кезінде 1013 жылдан бастап Мәуреннаһрдың би­леушісі болады. Ал 1015–1025 жылдары қағанатты басқарды. Мансұр ибн Әли В.В.Бартольдтің ай­туын­ша, «Ел арасында аса тақуалығы­­мен белгілі болған», деп баяндайды ­«Есік» мем­лекеттік тарихи-мәдени музей-қоры­­ғының экскурсоводы Калуадин Мөңкебаев.

Алматы облысы 

Бөлісу:
Күміс тиын · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар