Су тасқыны қаупі бар аймақтар аталды
<p style="text-align: justify;">Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында көктемгі ауа райы болжамының жаңартылған деректерін ұсынды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Министрдің айтуынша, биыл наурыз және сәуір айлары әдеттегіден жылы болады деп күтіледі. Сонымен қатар, еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері көп түседі. Бұл көктемнің ерте келуіне және су тасқыны қаупінің артуына әсер етеді.
Су тасқыны қаупі жоғары өңірлердің қатарында: Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Ұлытау және Абай облыстары бар.
Қауіптілігі орташа өңірлер: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары.
Тасқын қаупі төмен өңірлер: Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.
«Биыл Қазгидромет алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындады. Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғары мәндері, ағын көлемі және сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елді мекендерді көрсете отырып, болжамды басталу күндері көрсетіледі. Сондай-ақ өткен аптадан бастап Қазгидромет апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды шығара бастады. Гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгеретін болса «Қазгидромет» ескертулерді 2-3 тәулік бұрын хабарлайды», деді Ерлан Нысанбаев.