Қолөнершілер бас қосты
<p style="text-align: justify;">Қосшы қаласындағы креативті хабта қолөнершілер бас қосып, атал­ған саладағы түйткілді мәселелерді талқылады. Шебер­лер­дің талап-тілек­­терін тыңдауға Мәдениет және ақпарат, Сауда және интеграция вице-министрлері мен депутаттар барды. Айта кетейік, қазіргі таңда креа­тив­ті өнді­ріс­ке қа­тыс­ты заң жобасы Мәжілісте қаралып жа­­тыр. Келелі кеңестегі айтылған ұсыныс-пікірлер жаңа құжатқа енгі­зілмек.</p>

Креативті өндіріс саласында қолөнершілік басым бағыттардың бірі саналып, жалпы креативті нарықтың үштен бірін құрайды. Бүгінде елімізде, шамамен 46 мың қолөнершілік субъектісі тіркелген. Негізінен қолөнер орталықтары елдің оңтүстігінде – Түркістан, Тараз, Шымкент қалаларында шоғырланған. Жуырда Түркістанға «Қолөнершілер қаласы» мәртебесі берілді. «Арнайы мәртебе туралы» заңға сәйкес жергілікті бюджет есебінен қолөнершілердің шығындарын 10-25% көлемінде өтеу жүйесі қарастырылған.
Кездесу барысында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов креативті өндірісті қолдаудың екінші пакеті әзірленіп жатқанын атап өтті. Оның ішінде қолөнершілерді қолдау құралдары да бар.
«Бұл өте ауқымды заң. Бүгін осы саланың мамандарын шақырып, ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдап отырмыз. Айтылған әр мәселенің жаны бар. Бәрі қағазға тізіліп, заң жобасы аясында қаралатын болады», деді Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау.
Жиын барысында қолөнершілерге көрме алаңдарын ұсыну және олардың өнімдерін коммерцияландыру мәселелері де талқыланды.
Айта кетсек, биыл креативті өндірісті қолдау және дамыту туралы заң қабылданды.
Сондай-ақ жаңа Бюджет кодексіне сәйкес бірыңғай лотерея операторы түсімінің 3%-ы тоқсан сайын креативті индустрияларды дамытуға қолдау көрсету қорының есебіне аударылып отырады. Бұл қор 2025 жылдың шілде айынан бастап жұмыс істей бастайды.
Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай елімізде Қолөнершілер күнін белгілеуді және «Халық шебері» ұлттық сыйлығын тағайындауды ұсынды. Бұл мәселе Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында қаралатын болады.