Қоғам
2 мин оқу 130

Шерзатқа қатысты сот ашық өтеді

<p style="text-align: justify;">Қоғамды дүрліктірген 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот отырысы Талдықорған қаласында&shy;ғы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында ашық түрде өтті. Алайда істі Алматы облыстық соты қарап жатыр. Алғашқы отырыста прокурор айыптау актісін ғана оқыды.</p>

Шерзатқа қатысты сот ашық өтеді

Сотқа еліміздің барлық БАҚ өкіліне қатысуға рұқсат берілді. Мемлекеттік прокурорлар сотталушылардың тізімін айтып, оқиғаның мән-жайын толық баяндап берді.

«Қылмысқа қатысы бар кү­діктілер Талдықорғандағы уа­қытша оқшаулау орнында бол­ғандықтан сот отырысы осы қала­да өтіп жатыр. Айыпталушылар арасында кәмелет жасына жетпеген күдікті бар. Сондықтан журналистер тарапынан қатты қысым түсірмегеніміз абзал. Сот бастан-аяқ ашық түрде өтетіндіктен сот отырысын онлайн көрсеңіздер де болады», деді Жоғарғы соттың коммуникация бөлімінің меңгерушісі Перизат Садуақас-Хайруллина.

«Адам өлтіру», «бұзақылық», «қорқыту» және «қылмыс туралы хабарламау» баптары бойын­ша қозғалған қылмыстық іс­терді Алматы облысының полиция департаменті тергеген. Қыл­мыстық іс 62 томнан тұрады. Іс материалдарында 40 сот сараптамасы, шамамен 200 куәгердің жауабы және қосымша сегіз бейнематериал қамтылған.

«Сот отырысына қатысушы­лар­дың пікірлерін ескере оты­­рып, сот бұл іс бойынша сот тал­­қы­лауын ашық режім­де өткі­зу ту­ра­лы шешім қабылдады. Сот отырысының онлайн транс­ля­­ция­­сын Жоғарғы соттың YouTube-арнасында еркін көруге бола­ды», деп хабарлады Жоғарғы сот өкілі.

Жәбірленуші тараптың мүд­десін сотта адвокат Мейірман Шекеевтің заң кеңсесі қорғайды. Қорғау тобына Жандос Палма­нов, Әлім Мұстафаев, Дина Досаева, Нұрболат Ыбраев, Бағ­дат Амандосұлы және Бекзат Мязов есімді мамандар кірген. Алайда сот отыры­сына сотталушылардың қор­ғау­шылары толық келмеді. Жол­дың алыстығын айтып, алдын ала онлайн қатысуға өтініш жібергенімен, оған судья үзілді-кесілді қарсы болды. Дегенмен сотталушы Абзал Шынасылдың анасы қоғамдық қорғаушы ретінде қатысу құ­қығына ие болды. Одан бөлек, қорғаушы тарап келесі отырыс­ты Қаскелең қаласында өткізуді сұрады. Бұл сұранысты да судья қанағаттандырмады. Себебі Қаскелең қаласында тергеу изоляторы жоқ.

«Қылмысқа қатысы бар аза­маттардың кейбіріне жеңіл жаза тағайындалуы мүмкін. Себе­бі қаралып жатқан баптар бойынша екі адам ғана қасақана кісі өлтіру ісіне қа­тысқан. Ал қалғаны бұзақылық жасағандар ретінде тіркеліп отыр. Бұл шешім көпті алаңда­тып отыр. Сот әділ болады деп ойлаймыз», дейді қоғам бел­сендісі Арнұр Беренбаев.

Аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу әлі жалғасып жатыр. Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Шерзат Болаттың үйінің өртенуіне қатысты тергеудің жаңа мәліметтерін жариялады.

«Сараптамалар кең ауқым­да жүргізілді. Бұл сараптама­лардың белгілі бір нәтижелері бар. Біз Ресей Федерациясына халықаралық тергеу бұйрығын жібердік», дейді прокурор Ғ.Қойгелдиев.

Келесі сот отырысы 17 сәуірде облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимара­тында өтеді.

Жетісу облысы 

Бөлісу:
Шерзатқа қатысты сот ашық өтеді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар