Маңғыстау облысында 17 жастағы жасөспірімді өлтіріп кеткен
<p style="text-align: justify;">Маңғыстау облысындағы Ақжігіт ауылында 8 сәуірде қаза болған 17 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Басылымның жазуынша, полицияның жасөспірімнің өліміне себеп болған күдіктіні күні кеше ғана ұстағаны белгілі болды.
Қайғылы оқиға сәуірдің 8-і күні болған. Марқұмның туыстарына оның құлап, жарақат алғанын, соның салдарынан қайтыс болғаны айтылған. Алайда жасөспрімнің отбасы оны зорлық-зомбылық құрбаны болды деп есептейтіндіктен, әділ тергеуді талап етіп отыр.
Маңғыстау полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті – сол ауылдың 20 жастағы тұрғыны.
«Бұған дейін күдіктіге іздеу жарияланған болатын, хабарлама облыстың барлық ауданына таратылған. Қазір ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, жәбірленушінің өліміне әкеп соғу» бойынша жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Қылмыстың саралануы өзгермесе, жас жігіт 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Оқиғаның мән-жайын тергеушілер мұқият зерттеп жатыр.