Спорт
1 мин оқу 70
Жарыс күнделігі: Таэквондо
<p style="text-align: justify;">БАӘ-нің Фуджейра қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында еліміздің екі таэквондошысы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Алғашқы алтынды 61 кг салмақтағы Хамзаальпер Ромашкин жеңіп алды. Финалда ол канадалық Никола Самордичке сан соқтырды. 65 кг салмақта сайысқа түскен Сағынғали Жантөренің де бағы жанды. Қандасымыз финалда украиналық Максим Шудженконың осал тұсын оңай тапты. Алла Цой (47 кг) мен Аида Гожалимова (51 кг) қола медальді қоржынға салды.</p>

- Халықаралық таэквондо федерациясы 2026 жылғы Гран-придің финалдық кезеңі Астанада өтеді деген шешім қабылдады. Сөйтіп, еліміздің жанкүйерлеріне әлемнің әр қиырынан жиналған ең үздік даян шеберлерінің өнерін тамашалау бақыты бұйырып отыр. Жарыс барысында 2028 жылы Лос-Анджелесте алауы тұтанатын жазғы Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынады.
- 16–21 қыркүйек аралығында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында теннистен Билли Джин Кинг кубогінің ширек финалдық сайыстары өтеді. Аталған жарыста еліміздің әйелдер құрамасы АҚШ-пен шеберлік байқасады. Олардан бөлек, осы межеде Жапония мен Ұлыбритания, Украина мен Испания, Италия мен Қытай теннисшілер өзара күш сынасады.
- Семсерлесуден Колумбияның астанасы – Богатода ұйымдастырылған Гран-при турнирін Руслан Құрбанов күміс медальмен қорытындылады. Бастапқы бәсекелерде қарсылас шыдатпаған жерлесіміз жартылай финалда өзбекстандық Вадим Анохиннен 15:14 есебімен айласын асырды. Бірақ финалда Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, жапониялық Акира Коматаға жол берді – 10:15.
- Кезінде UFC-де өнер көрсеткен 34 жастағы әйгілі аралас жекпе-жек шебері Дамир Исмағұлов (26-3, 14 КО)
келесі кездесуін 27 мамырда Астанада өткізеді. «Алаш Прайд» промоушені ұйымдастырып отырған турнирде қандасымыз 41 жастағы бразилиялық Алан Патрикпен (15-4, 6) күш сынасады. Ол да кезінде UFC-де айқасқан сақа спортшы.
Бөлісу: