Қоғам
2 мин оқу 61

Ғылым мен ұстаздықты сабақтастырған...

<p style="text-align: justify;">Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, баспасөз және баспа ісі кафедрасының ұстазы Әсима Қалимқызы Ишанованың 70 жылдық мерейтойына арналған &laquo;XXI ғасырдағы креативті индустриялар: генезис, медиабағдарламалар, білім беру мәселелері&raquo; атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Қазақстанмен бірге Қытай, Ресей, Қырғызстан, Түркия сынды елдерден белді ғалымдар, журналистер, шығармашылық индустрия өкілдері қатысты.</p>

Ғылым мен ұстаздықты сабақтастырған...

Жиынды журналистика және әлеуметтік ғылымдар факуль­тетінің деканы Нұржан Қуан­тайұлы жүргізіп, профессор Иша­нованың ғылыми-шығар­машылық жолына арналған арнайы бейнеролик көрсетілді. Университет атриумында ға­лымның ғылыми еңбектері мен баспасөздегі жарияланымдарынан құралған көрме көпшілік назарына ұсынылды.

Мазмұнды іс-шара барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің профессор Әсима Қа­лимқызына арналған құттықтау хаты оқылды. Елдік деңгейдегі жоғары марапат пен лебізде ғалымның отан­дық фи­лология мен журналистика саласына қосқан сүбелі үлесі айрықша аталды. Сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Е.Сыдықовтың құттықтау хатында да мерейтой иесінің отандық ғылым мен журналистика білімінің өркендеуіне сіңірген еңбегі ерекше атап өтілді.

Ғылыми жиынға академик Бауыржан Омарұлы, профессор Сауытбек Абдрах­манов, сондай-ақ көрнекті фило­логтер мен БАҚ өкілдері сөз сөй­леп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Белгілі публицист, ға­лым Сауытбек

Аб­драхманұлы Әсима Иша­но­ваның ұс­таздық және ғылыми жолының ерек­шеліктеріне тоқталып, ұстаз болу мен ғалым болудың үйлесімді тұстарын нақты мысалдармен сипаттады. «Ғалым – тек зерттеу жүргізіп, мақала жазатын адам емес. Ғалым – ұрпаққа бағыт-бағдар беретін тұлға. Әсима Қа­лим­қызы – сол үдеден шығып келе жатқан санаулы жанның бірі. Әдебиет пен журналистиканың қиылысындағы іргелі ізденістері болашақ зерттеушілерге бағдар­шам бола алады», деді ол.

ЕҰУ-дің филология факуль­тетінің деканы, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы да мерейтой иесінің адамдық келбеті мен ұстаздық парасатына ерекше тоқталды. «Профессор Әсима Ишанова – академиялық ортада ғана емес, шәкірт жүрегінде де орны бөлек тұлға. Ұстаз бен шә­кірт арасындағы рухани байланысты Әсима Қалимқызы әрқашан жоғары деңгейде ұстай білді. Оның сабағынан рухани нәр алған қаншама түлек бүгінде ел қызметінде жүр», деді факультет деканы.

Сонымен қатар сөз алған түлектері – Abai TV директоры Ер­кін Мұхамеджанов, «Алма­ты» телеарнасының бас дирек­торы Тимур Базарбаев, Пар­ла­мент Сенатының өкілі Марьям Кұсаинова, медиаменед­жер Ма­хаббат Есен және басқа шә­кірт­­тері ұстаздарына деген зор ал­ғыстарын білдіріп, ол кісінің адам­гершілік қасиеті мен педа­гогикалық әдістерінің өмірлік жолдағы бағыт-бағдары болғанын айтты.

Ғылыми баяндамалар легі профессордың шығар­ма­шы­лығына арналған мазмұнды ойлармен жалғасты. Атап айтқанда, Ресейдің М.В.Ломоносов атын­дағы ММУ профессоры Ирина Карабулатова қазақ, қытай және орыс фоль­клорларындағы «әйел сұлулығы» ұғымын креативті индустрия тұрғысынан жан-жақты саралады.

Конференция аясында үш бағытта секциялық мәжілістер ұйым­дастырылып, онда жасанды интеллект, артмедиа, әлеуметтік медиа, креативті экономика мен білім жүйесіндегі өзекті мәселелер қарастырылды.

Ерлан КИІКБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті 

Бөлісу:
Ғылым мен ұстаздықты сабақтастырған... · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар