Экономика
2 мин оқу 130

Транзиттік бағыттар әртараптандырылады

<p style="text-align: justify;">Қазіргі геосаяси жағдайда елдегі транзиттік бағыттарды әртараптандыру шарасы аса маңызды болып отыр. Әсіресе Орта дәліздің өзектілігі күшейе түсті. Жақында Каспий теңізінің түбімен Қазақстан мен Әзербайжан арасында жоғары жылдамдықты интернет-кабель тарту жұмыстары басталды. Сонымен бірге, Транскаспий мұнай-газ құбырын салу мүмкіндігі де зерделеніп жатыр.</p>

Транзиттік бағыттар әртараптандырылады

2024 жылдың қорытын­дысында Орта дәліз арқылы тасымал көлемі бұрнағы жылмен салыстырғанда 65%-ға арт­қан. Еуразияның дәл орта тұсы­на орналасқан елімізде 11 халықаралық транзиттік дәліз бар. Өткізу қабілетін арттыру мен жүк тасымалындағы жағдайды жақсарту мақсатында жалпы ұзындығы 1,3 мың км болатын 4 ірі теміржол жобасының құрылысы жалғасып жатыр. Олардың қата­рында Достық – Мойынты, Алма­ты айналма желісі, Дарбаза – Мақтаарал, Бақты – Аягөз темір­жол магистралдары бар. Бұл жобалар тауар тасымалдау мен логистикалық инфрақұрылымды жақсарту үшін стратегиялық маңызға ие.

Былтыр 12 мың км автожол жөндеуден өтсе, соның 7 мыңында жұмыс аяқталды. Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш, Бұқтырма көпірі, Шамалғандағы жол айрығы мен Түркістан өңіріндегі тунель транзиттік қозғалыстың сапасын едәуір арттырды. Биыл жөндеу жұмыстары 13 мың км жолды қамтиды. Оның қатарында республикалық маңызы бар жолдардың 2 мың км-де қайта жаңғырту, облыс орталықтары арасындағы 6,6 мың және жер­гілікті жолдардың 4,2 мың км-і жөнделмек. Жыл соңына дейін 9 мың км жолда жұмыстар то­лық аяқталалы.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес, 10 мың км транзиттік автожолда ор­таша жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба «Қазақ­стан Даму Банкі» арқылы қаржы­ланды­рылған. Жөндеу жұмыстары өңір­аралық және ауданаралық байланыстарды жақсартады. Негізгі бағыттар – Қандыағаш – Шалқар, Жезқазған – Петропавл, Атырау – Доссор, Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы, Қарағанды – Аягөз.

«Орташа жөндеу реконс­трукциямен салыстыр­ған­да 7 есе арзан әрі 2 есе жылдам жүреді, сондықтан бұл әдіс транзиттік инфра­құрылымды тиімді дамы­туға мүмкіндік береді. Мұндай шаралар республикалық жол­дар­дың 94%-ын нормативтік талаптарға сәйкестендіруге жол ашады. Бұл өз кезегін­де транзит ағынын тарту­ға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және экономикалық тиімділікке оң әсер етеді», дейді Көлік министрлігі, Автожол комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр. 

Бөлісу:
Транзиттік бағыттар әртараптандырылады · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар