Президент елордадағы үшінші ЖЭО-ның қызметімен танысты
<p style="text-align: justify;">Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Президентке қаланың энергетикалық инфрақұрылымының даму барысы туралы есеп берді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</p>

Бүгінде үшінші ЖЭО-ның алғашқы кезегін, қосымша қуаты сағатына 1100 Гкал болатын «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансаларын пайдалануға беру арқылы шаһардың жылыту қуаты 30 пайызға ұлғайған. Биыл «Тұран» стансасының екінші кезегін толығымен аяқтау, сондай-ақ «Телман» стансасы мен екінші ЖЭО-ны кеңейту және «Оңтүстік-Батыс» газ жылу стансасын жобалау көзделіп отыр. Бұл жобалардың барлығын жүзеге асыру 2035 жылға дейін жоспарланған қосымша жылу энергиясын алуға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа үшінші ЖЭО-ның екінші кезегі аясында бу-газ қондырғысын орнату жоспары көрсетілді.
Мемлекет басшысына үшінші ЖЭО-ның табиғи газбен жұмыс істеп, ең жоғары қуаты сағатына 440 Гкал өндіруге жететіні жөнінде баяндалды. Бұл жылу энергиясы шаһардың оңтүстік-батыс бөлігінің сұранысын өтейді. Қазіргі уақытта үшінші ЖЭО-ның алғашқы кезегін қосымша отын қорымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Президент Астананың энергетикалық инфрақұрылымын одан әрі дамытудың маңызына назар аударды.