Аймақтар
2 мин оқу 400

Шығанақ тарысының тұқымы табылды

<p style="text-align: justify;">Ақтөбе қаласының іргесінде тұратын Балзия Бисенғалиқызы мен немересі Ринат Оралұлы Доспанбетов Шығанақ Берсеұлының ақ тары тұқымын сақтап қалған шаңырақ. Қазір осы үйдің ауласында көктеп тұрған ақ тары тұқымын 1970&ndash;1980 жылдары Ойыл ауданы Ш.Берсиев атындағы кеңшарды басқарған атасы Дәулетжан Доспанбетов ұзақ жыл сақтап келген екен.</p>

Шығанақ тарысының тұқымы табылды

Балзия Бисенғалиқызы өмірден өткен ерінің заттары арасынан екі жыл бұрын қағаз­ға оралып сақталған 24 түйір тары дәнін тауып алып, балаларына көрсетеді. Содан Ринат дәндерді үйдің ауласындағы шие талының түбіне егіп тастайды. 30-35 күн өткенде жас өскіндер көктеп шыққанда, әжесі байқамай арамшөп деп жартысын жұлып тастаса да, қалғандары күзде жақ­сы өнім берген. «Биіктігі 1,5 метр­ден асып, бітік шықты. Менің атам 1936 жылы Ойыл ауданы Қаратал ауылында дүниеге келген. Бұл – 1936–1944 жылдары тары өсіруден әлемдік рекорд орнатқан атақты Шығанақ Берсеұлының туған жері. Атам атақты тары­шының звеносында еңбек еткен үлкен кісілердің әңгімелерін жастайынан естіп өскен. Өзі де ұзақ жыл туған жерінде агро­ном болып қызмет етті, кеңшарды басқарды. Шығанақтың тарысын сақтағаны туралы әжемізге де айт­паған. Әжем кездейсоқ тауып алып, бізге бергенде де 30 жыл­дан астам сақталған дәндердің көк­теп шығатынына сенбеген. Үйде сақталған дәндердің Шығанақ та­ры­сының тұқымы екеніне күмән туған. Дегенмен біз өсіріп бас­та­ған дақыл атақты диқанның шы­ғар­ған тұқымы екеніне бірден-бір дәлел – Махмуд Шығанақұлы­ның қолжазба дерек­тері. Соғыста теміржолшы болып, елге орал­ған Махмуд әкесінің ақ тарысында ­үш қара ноқат бола­тындығын жа­зып кеткен», дейді Ринат.

Расында да, Ринаттың дәнде­ріндегі үш қара ноқат бірден көзге түседі, Ерекше күтімді қажет ететін ақ тары соғыстан кейін елде көп өсірілмеді. Диқан дақылының тұқымдары сақталмады деп айтылады. Енді Ринат осы дақылға па­тент алып, Ащыойылдың бойына, Шы­ғанақ кетпенінің ізі қалған Қара­талда тары өсіруге ниет етіп отыр.

Ақтөбе облысы

Бөлісу:
Шығанақ тарысының тұқымы табылды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар