Мәдениет
2 мин оқу 31

Қымыздың қадірі артты

<p style="text-align: justify;">Ілкідегі қонақжай халық қасиетті тағам туралы осылай дер еді. Таяуда зерлі Зеренді баурайында &laquo;Қымыз Fest&raquo; фестивалі өткізіліп, бағалы сусынның бабын білетіндердің басын қосты.</p>

Қымыздың қадірі артты

Табиғаты тамылжыған Зерендінің көркем бір пұшпағында көз жауын алатын этноауыл пайда болды. Құтты бір қаймағы бұ­зылмаған көшпелі заман­ның көркем көрінісі іспетті. Аудан­дағы бірнеше ауыл­дан ­саба-саба қымыз әкеліп, мол дастарқан жайылған. Көк шалғыны ұйысқан сайын дала домбыраның күмбірлеген үні­мен тербеле тебіреніп тұр­ғандай. Айтпақшы, берекелі ауда­нның мерекелі 90 жыл­ды­ғы биыл аталып өтіп жатыр. Қымыз фес­тивалі осы бір айтулы датамен орайластырылған.

Жанға жайлы салқын самал есіп тұр. Жиналған жұрт ілтипатпен ұсынған бал қы­мыз, дөнен қымыз, бесті қы­мыз тәрізді әртүрлі әдіспен дайын­далған астан дәм татты.

«Қымыз дайындау тәсілін анамнан үйреніп едім, – дейді бал қымызды баптағандардың бірі Гүлжиян Дәулетханқызы. – Қазір қыздарымды үйретіп жүрмін. «Сұңқар» балалар­ды сауықтыру кешеніне дайын­­­дап беремін. Демалушы балалар денсаулығын түзесе, нұр үстіне нұр емес пе?»

Келесі бір киіз үйде Бұ­лақ, Садовый, Сарыөзек ауыл­дарының тұрғындары дастарқанға сапырылған сары қымызбен бірге ел ішінде ілуде бір кездесетін ешкі сүті мен қаймақ, қазы-қарта қойыпты. Қымызды Сәния мен Бақыт­жан Мұханбетовтер дайындаған екен. Бұл дастарқандағы қымыз қазылар алқасының көңілі­­нен шықты. Қымыз фестивалін өткізу идеясын қолдаған жыл­қы фермасының иесі Мұ­рат­хан Өнер: «Осы та­маша дәстүрді жыл сайын әдемілеп өткізіп отырса, бұл күнде кей өңірде көзден бұлбұл ұш­қан ұлттық тағамға кейінгі жас­тардың назары ауар еді», дейді.

«Келесі фестивальды өт­кізген кезде меймандарға ың­ғай­лы болу үшін орын­дық­тар жасап қоямын», дейді Зеренді ауылының тұрғыны Нина Лин­ник. – Осы іс-шарадан-ақ қазақ халқының мейірім шапағаты көрініп тұр емес пе?»

Ақ дастарқан басында ел тарихын екшеген ажарлы әңгі­ме айтылды. Көне тарихтың көмбесі ғана ақтарылған жоқ, келешектің межесі де тілге тиек болды. Атам қазақ «бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем» демей ме, бір дастар­қаннан дәм татқан сан­ алуан ұлт өкілі бір-бірімен қимай қоштасты.

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы

 

Бөлісу:
Қымыздың қадірі артты · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар