Абай Әбу-Дабиде айқасады
<p style="text-align: justify;">Түрлі жарыста жасындай жарқылдап жүрген жартылай жеңіл салмақтағы Абай Жалалдың есімі жанкүйерлерге жақсы таныс.</p>

Спорттық мансабын Данияр Қасқарауов жетекшілік ететін «Алаш Прайд» клубынан бастап, «Октагонда» жалғастырған 21 жастағы Абай қысқа ғана мерзім аралағында көрермен көзайымына айналып үлгерді. Осы күнге дейін жеті жекпе-жек өткізген ол бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татқан жоқ. Төрт кездесуінде бәсекелестерін нокаутқа жіберсе, екі рет «сабмишн» әдісін қолданды. Бір айта кетерлігі, сол жеті жекпе-жектің алтауын бірінші раундта-ақ аяқтады.
Күні кеше Абай Жалалға БАӘ-нің әйгілі промоутерлік компаниясының көзі түскені мәлім болды. Енді ол UAE Warriors лигасында өнер көрсетеді. Тұсауксер кездесуін қазақ файтері 23 шілдеде аталған мемлекеттің астанасы – Әбу-Дабиде өткізеді.