«Саламатты Қазақстан»: ауылға қолжетімді көмек
<p style="text-align: justify;">Еліміздің әлеуметтік жобасын іске асыру шеңберінде жасақталған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қостанай облысының «Денисовка» стансасына келді.</p>
Әртүрлі бейіндегі 30 медицина қызметкерінен тұратын команда құрамында терапевтер, хирургтер, педиатрлар, кардиологтер, невропатологтер, ЛОР дәрігерлері, офтальмологтер, стоматологтер, гинекологтер, урологтер, психологтер және функционалдық диагностика мамандары бар. Сондай-ақ емделушілерге ЭКГ, флюорография, гастроскопия, зертханалық зерттеулер де қолжетімді. Қажет болса, шағын хирургиялық ем-дом жасауға мүмкіндіктері бар. Маршрутпен қамтылған елді мекендердің тұрғындары медициналық сақтандырудың болуына қарамастан тегін кеңес пен диагностикалық тексерулер жасата алады.
Бұл жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарын сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Жоба Денсаулық сақтау министрлігінің, «Samruk-Kazyna Trust» қорының, сондай-ақ Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен іске асырылып отыр.
Пойыз «Денисовка» стансасында бірнеше күн аялдайды, одан соң маршрут бойынша Қостанай облысының басқа аудандарына сапарын жалғастырады.