Президент S Sistem Lojistik компаниясының басқарма төрағасын қабылдады
<p style="text-align: justify;">Қасым-Жомарт Тоқаев S Sistem Lojistik компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Барлинді қабылдады, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</p>

Кездесу барысында компаниямен логистика саласында өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді серіктестік орнату перспективасы талқыланды.
Мемлекет басшысы елімізді Еуразиядағы жетекші транзиттік хабқа айналдыру үшін Орта дәлізді жан-жақты дамыту жұмыстары басталғанын жеткізді.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев S Sistem Lojistik компаниясының Ақтөбе халықаралық әуежайында логистика орталығын құру бастамасына қолдау білдірді. Жоба «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірге жүзеге асырылады.
Хусейн Барлин жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ компанияның алдағы уақытта Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларында да логистика орталығын кеңейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, логистика инфрақұрылымын кешенді түрде дамыту өте маңызды. Мұның бәрі транзит уақытын қысқартуға және экспорт инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.
S Sistem Lojistik – Түркияның логистика секторындағы жетекші инновациялық ұйым. Компания Ыстанбұл, Анкара, Измир және Анталья әуежайларында, сондай-ақ басқа да жерлерде жалпы аумағы 100 мың шаршы метр қойма желісін басқарады.