Үкімет
2 мин оқу 60

Ветеринария мен фитосанитариядағы қауіпсіздік мәселесі

<p style="text-align: justify;">Премьер-министрдің орынбасары &ndash; Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мәселелері қаралды.</p>

Ветеринария мен фитосанитариядағы қауіпсіздік мәселесі

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, елімізде үй жануарлары қауіпті ауруларының жаңа ошақтары санының тұрақты төмендеу үрдісі байқалады. Жыл басынан бері 8 түрлі ауру бойынша 58 ошақ анықтал­ды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50,4%-ға аз.

Биологиялық қауіпсіздік деңгейінің артуы отандық агроөнімнің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге тікелей әсер етті. 2024–2025 жылдары ҚХР, Ресей, Беларусь, Армения, Түркия тарапынан қойылған шектеулер алынып тасталды. Дүниежүзілік жа­н­уарлар денсаулығы ұйымы (ТЖК, АШО, ЖПҚТ, аусыл) бо­йынша халықаралық мәрте­бе­лер берілді. Еуропалық одақ, Грузия, Иран, Ирак, Әзербай­жан, Қытай нарықтарына жол ашылды. Екіжақты вете­ри­нарлық сертификаттарға қол қойылды. Жапония, Корея, БАӘ, Канада және Ұлыбританияны қоса алғанда тағы 15 елге шығу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бұл нәтиже жануарларды вакцинамен және диагнос­тикумдармен қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі шараларды енгізудің арқасында мүмкін болды. Алдағы жылдары ветеринарлық зертхана­лардың материалдық-техни­калық базасын ауқымды түрде жаңғырту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар өңірлерде ауыл шаруашылығы жануар­ларын АШЖБ жүйесінде тіркеу мәселесі әлі де өзекті. Мал басын толық цифрландыру мен эпизоотиялық жағдай­ды бақылау сапасын арттыру мақсатында Серік Жұманғарин АШМ-ге әкімдіктермен бірлесіп, ауыл шаруашылығы санақтары кезінде нақты шаралары бар жол картасын жедел әзірлеуді тапсырды.

«2023 жылдан бастап еліміз вакцина мен диагностиканың отандық өндірісін ұлғайтуда. Отандық препараттардың үлесі 68%-дан 82%-ға дейін өсті. Елде сатып алынатын 22 вакцина атауының 18-і өзімізде шығарылады», деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

Осы жылдан бастап зерт­ханалық базаны жаңғырту бас­талды. Алдағы екі жылда рес­публика бойынша жабдықты жаңарту толық аяқталмақ. Биыл Ұлттық ветеринария референттік орталығы мен Республикалық ветеринарлық зертхананың жабдықтары жаңартылмақ.

Жиында ветеринарлық қызмет мамандарының мәрте­бесін арттыру мәселесіне де назар аударылды. Бүгінде өңір­лерде 373 ветеринар дәрі­гердің орны бос тұр, аумақ­тық инс­пекцияларда тағы 185 вакансия бар. Бұл ретте, жиында атап өткендей, тіпті 1 млн теңге көлеміндегі еңбекақы да мамандарды тартуға әрдайым мүмкіндік бермей отыр.

Мамандықтың тартым­дылығын арттыру үшін ветеринарлардың жалақысын көтеру көзделген. Бұған қоса, Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп кешенді шаралар әзірленіп жатыр. Олар:

  • ветеринария маман­дық­тары студенттерінің стипендияларын арттыру; 2026–2029 жылдары грантқа қабылдауда өту балын кезең-кезеңімен көтеру;
  • ауыл жастарына және шағын қала тұрғындарына арналған квоталарды кеңейту;
  • салалық пәндер тізбесін жаңарту мен ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасын нығайту;
  • квоталанған гранттарды бөлу тәртібі мен мерзімдерін жетілдіру;
  • мемлекеттік грант есебінен оқығандар үшін ауылдық жерде кемінде 3 жыл міндетті жұмыс істеу талабын енгізу.

Сондай-ақ жиында шегірт­кеге қарсы күрес нәти­желері қаралды. Биылғы қорғау іс-шаралары 2,7 млн гектар аумақта жүргізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 400 мың гектарға аз. Жұмыс толық аяқталды, ауыл шаруашылығы дақылдарына шегірткенің зияны тиген жоқ.

Бөлісу:
Ветеринария мен фитосанитариядағы қауіпсіздік мәселесі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар