Сенат инновациялық қызметті қолдау заңын мақұлдады
<p style="text-align: justify;">Сенаттың жалпы отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті әзірлеген заң жобасы 2025 жылғы 4 қыркүйекте өткен кеңейтілген отырыста талқыланып, Сенат Аппараты қызметкерлері мен заң әзірлеуші өкілдерінің қатысуымен қаралған болатын.
Заңның негізгі мақсаты – инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу үшін қолайлы жағдай жасау және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Құжат 2 Кодекске және 10 заңға өзгерістер енгізуді көздейді. Атап айтқанда:
- «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі мен «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры біріктіріліп, бірыңғай «Астана Хаб» дербес кластерлік қоры құрылады.
- Қорды қаржыландыру жүйесі қайта қаралып, мүшелік жарналар есебінен қалыптастыру көзделеді.
- Жер қойнауын пайдаланушылардан түсетін міндетті қаржыландыру алып тасталады.
- Венчурлік нарықты дамыту үшін мемлекеттік қолдау шараларын бағалау тетігі енгізіледі.
- Ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай цифрлық терезесін дамыту қарастырылған.
- Байланыс операторлары мемлекеттік статистика үшін абоненттер туралы иесіздендірілген деректерді уәкілетті органға ұсынуға міндеттеледі.