Сатира
2 мин оқу 20

Майтабан маман

<p style="text-align: justify;">Бізге мамандық таң&shy;дауда әкеміз оңбай қа&shy;телесіпті. Оны өзі де мойындап: &laquo;Қайдан білейін, мына аласапыран заманда өремнің жеткені &ndash; қуырдақтың көкесі &ndash; эко&shy;номисте, табыстың кілті &ndash; сот&shy;тың сығымында, келешектің берекесі &ndash; кеден керуенінде деп, балам&shy;ның бірін сот, бірін эконо&shy;мист, кенжемді кеденнің оқуына ор&shy;ғытып, кеуде керіп кей&shy;киіп жүр&shy;сем...</p>

Майтабан маман

Қайдан білейін, бүйтіп біл­гішсінген бір мен емес екенімді... Енді міне, таяқ лақтыр – соттың, кеденнің, экономистің бақыр басына тақ ете қалады. Е, бүйтіп жұмыссыз қалатынын кім білген!..» деген болатын.

Амал қанша, әке арманда­ған майшелпектердің шеті бұйыр­май­­тынына көзім жеткен соң, неде бол­са ғылым-білімге тұмсық сұ­­ғайын деп енді міне, универ­си­теттің кадр бөлімінің бастығының алдында
отырмын.

– Бала, бізде маман жетіп артылады, – деп ол керексіздігімді кесіп айтты.

– Қызыл дипломмен бітіріп едім, ең кіші қызметкер болсам да жарар, – деп міңгірлеген боламын.

– Әттең, айтыскер ақын болсаң ғой, бірден қызметке қонжитып, кандидаттық дис­сер­тацияңның тақырыбын да бекітіп берер едік, – деп турасынан тартты.

– Тақырыбым бар, тарау-тараулары да дайын, тек түйер түйіні ғана қалып еді, – деген болдым.

– Е, казір оқу орнының атын ай­тыскер ақын шығаратын болды ғой. Бетке ұстар Бекіре баламыз жалғызсырап жүр. Жақында ғана жалпақ жұрт қатысқан дүйім дүрмектен жүлделі орын алып, уни­верситет беделі бір көтеріліп қалды. Еңбегін бағалап, кел­геніне жыл толмаса да жатақ­ханадан бөлек бөлме бер­дік. Келесі жолы бас ­жүлде алып, университет атын аспан­датып жіберсе, ректордың өзі оған доценттік қызметті бірден бе­реміз деп отыр.

– Оқу орындарының қазір­гі жағдайын айтып, бірнеше мақала жазып, оным орынды бағасын да алып еді, – деп қалдым.

– Болар баланы дөп басу қиын-ау! Шір­кін, егер одан спорттан ал­да­ғы уақытта әлем чемпио­ны шы­ға­тынын алдын ала біле­тін бол­сақ, «жөргөгінен-ақ» уни­вер­­ситеттің түлегі етіп, чемпион болған күні қызмет түгіл, канди­дат­тық құ­жатын қолына ұстатар едік.

– Ғылыми кеңес алдыда өтетін конференцияда та­қырыбымды күн тәртібіне ен­гізіпті...

– Еліміздің беделді уни­версите­ті болған соң, біздерде екі күннің бірінде әртүрлі жиын өтіп тұрады. Соның шырайын шырқ үйіріп, жымдастыра білетін, ең ақыры дастарқан мәзірін мәз етер асаба қат бізде... – деп бұған қалайсың дегендей сынай қарады да, менің сөзімнен мезі болған болуы керек:

– Е, бала, академик аға­мыздан келіп отырсың, амал жоқ, жарты штатқа өзіме қызметке алайын. Айна­лы­са­тын жұмысың – жоға­рыда айтқандай, бізге қат майтабан мамандарды табу. Солардың бірін тауып, абыройымызды аспандатқан күні мамандығың бойынша қызметке кірісесің, – деді.

...Амал жоқ, майтабан мамандар табуға бел шешіп кірісіп кеп кеттім.

Берік САДЫР 

Бөлісу: