Тоқаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнаулы өкілін қабылдады
<p style="text-align: justify;">Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнаулы өкілі Серджио Горды қабылдады, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</p>

Қасым-Жомарт Тоқаев Серджио Горды АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша арнаулы өкілі және АҚШ-тың Үндістандағы елшісі лауазымына тағайындалуымен құттықтады. Осы ретте Қазақстан Үкіметі оның миссиясына жан-жақты қолдау көрсететінін айтты.
Мемлекет басшысы қазақ-америка стратегиялық серіктестігін нақты жетістіктермен одан әрі нығайтуға бағытталған диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастықты дамытуға мән берілді. Мемлекет басшысы еліміз АҚШ-тың Орталық Азиядағы негізгі экономикалық серіктесі саналатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджио Гор күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.