Президент макроэкономикалық тұрақтылық мәселелеріне арналған жиын өткізді
<p style="text-align: justify;">Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық даму сапасын арттыру және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</p>

Жиынға Премьер-министр, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Ұлттық банктің төрағасы, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жетекшілері мен Үкімет мүшелері қатысты.
Кеңес барысында макроэкономикалық орнықтылықты нығайту, азаматтардың әл-ауқатын көтеру және инфляция деңгейін төмендету шаралары қаралды.
Президент халықтың табысын жақсартуда саннан сапаға көшудің маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы орнықты дамыту үшін барлық жауапты мемлекеттік органдардың жүйелі жұмыс істеуі керек екенін айтты.