«Бостандық жырының бозжорғасы» атты республикалық мүшәйра өтеді
<p style="text-align: justify;">Астана қаласының Мәдениет басқармасы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының 75 жылдық мерейтойына арналған республикалық мүшәйра жариялады, деп жазады <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

«Бостандық жырының бозжорғасы» деп аталған бұл әдеби бәйге – ұлттық рух пен еркін ойды, елдік пен азаттық жырын дәріптейтін рухани мереке болмақ. Мүшәйраның басты мақсаты – өз дәуірінің өр дауысына айналған ақын мұрасын насихаттау, жас буынды елдік рух пен отаншылдыққа баулу.
Байқауға қатысушылар екі өлең ұсынуы тиіс. Бірі – Несіпбек Айтұлына арналған арнау, екіншісі – еркін тақырыптағы туынды (лирика, толғау, баллада және т.б.). Жолданған шығармалар бұрын еш жерде жарияланбаған әрі басқа мүшәйраларға қатыспаған болуы қажет.
Өтінімдер 1 желтоқсанға дейін қабылданады. Ақындар өз туындыларын қысқаша өмірбаянымен және байланыс деректерімен бірге astanapoets@gmail.com электронды поштасына жолдайды.
Жеңімпаздарға лайықты сыйақылар тағайындалған:
Бас жүлде – 3 300 000 теңге,
Бірінші орын – 2 200 000 теңге,
Екінші орын – 1 100 000 теңгеден екі ақынға,
Үшінші орын – 660 000 теңгеден үш ақынға,
Ынталандыру сыйлығы – 330 000 теңгеден бес қатысушыға беріледі.
Мүшәйра – елдік рухтың еңсесін көтеріп, еркін ойдың көкжиегін кеңейтер әдеби алаң болмақ.