Руханият
4 мин оқу 31

Сыңар ойдан – сүбелі пайымға

<p style="text-align: justify;">Қостанайда &laquo;Міржақып өмірі мен өнегелі мұрасы&raquo; атты республикалық ғылыми конференция өтті. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының облыстағы өкілдігі ұйымдастырған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, алаштанушы, академик, &laquo;Қазақ газеттері&raquo; серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, өңір зиялылары, дін қайраткерлері облыстық дін істері басқармасының өкілдері қатысты.</p>

Сыңар ойдан – сүбелі пайымға

Әуелі Алаш ардақтысының рухына арнайы құран бағышталды. Жұртшылыққа құттықтау сөз арнаған облыс әкімінің орын­басары өңірде Міржақыптың рухани мұрасын танып-білу бағытында атқа­рылған іс-шаралар жөнінде айтып берді.

«Міржақып шығармаларында адамгер­шілік, әділдік, отансүйгіштік секілді ислам­ның басты құндылықтары кеңінен қам­тылған. Алаш аяулысы халық үшін бейнет көрді. Міржақып атамыз «Қазақ» газетіне жариялаған мақалаларының бірінде: «Ар-намыс, махаббат болмаған жерде адам­­шылық тұра ма? Бұл сипаттардың болуы үшін адам баласы азат, тәрбиелі бо­­луға тиіс. Ұл, қыз демей, баланы оқыт, қа­зақ. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзі­нің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұ­рады. Қан­дай адам жақсы кісі болмақ керек? Сон­дай адам жақсы – кімде-кім же­тім-жесір, кәріп-қартаң, қысылған-қым­тырыл­ғандарға жақсылық қылып, оларды қуан­тып қойса..» дейді. Дін де мұсылман ба­ла­сының қайырымды болуын, мұқтажға көмек­тесуін, әділ болуды бұйырады. Мір­жа­қып қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқ­тажын терең түсініп, ел мүддесіне қалт­қысыз қызмет етті», деді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Алқалы жиынның ғылыми-таным­­дық өрісін кеңейте түскен академик ­Ди­хан­ Қамзабекұлы «Міржақыптану­дың ­мә­дени-ақпараттық мұраты» тақы­рыбын кеңінен толғап, көпшілікке Алаш зиялыларының, Міржа­қып­тың ұлтқа сіңірген қызметін, діни көзқарасын талдап-таразылап берді.

ап

«Біз бүгінгі ұрпаққа Міржақып­тың «Оян, қазақ!» деген үндеуін, ойын қалай жет­кізер едік? Әрине, ұлт пен елдік бі­рін­ші ке­зек­те тұрады. Қазіргі қоғамда түрлі күр­делі жағдай бар, қуанатын сәттер де аз емес. Біз сол күр­делі мәселені жүйелі шешуіміз керек. Міржақып та өз зама­нының алдында тұрған мәселені кезең-кезеңі­мен шешті. Әлиханша айтсақ, заман  әр буын­ның мойнына бір жүкті артады. Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апа­рып тастағаны дұрыс. Біз өкінішке қарай, сол жүкті белгілі орынға апарып қой­маймыз. Кейінгі буынның иығына тас­тап кетеміз. Кемшілігіміз – осында. Бұл кем­шілік жинала келе күрделі жағдайға ай­на­лады. Сондықтан біз бүгінгі конференция ар­қылы да өңірдегі, елдегі мәселелерді шешуге кіш­кентай болса да қолғабыс тигізсек игі», деді Дихан Қамзабекұлы.

Ғалым жалпы тарихи тұлғалардың елге еткен қызметін, еңбегін бағалау мен танып-білуде аса байыпты зерде қажет екенін атап өтті. 

«Бүгінде біраз тұлғаларды тарихтан сызып тастайық, бізге қажет емес» деп жүрген большевиктер сияқты азаматтар бар. Мұның бәрін сол за­манның контексіне қарай алмасақ, көп қателікке ұрынамыз. Біз, сол заманда өмір сүріп көрейікші. Мәселен, осы өңірдегі Амангелді, Әліби, Ахмет, Міржақыптарға қалай қараймыз? Қалай іріктеп аламыз? Қазір зиялылар бұл жө­нінде әртүрлі айтып жүр. Кезінде Ахмет заманында Ыбырай Алтынсаринді кемеден лақтырайық дегендер болды. Бұл жөніндегі Алаш ұстанымы былай: «Егер Ахмет Ыбырай заманында өмір сүрсе, Ыбырай­дай болар еді, Ыбырай Ахмет заманында өмір сүрсе, Ахметтей болар еді». Бұл – 1922–1923 жылдары айтыл­ған ой. Осы ұста­ным біз үшін аксиома болу керек. Әри­не, большевизмді біз сұрап алған жоқпыз. Өзі келді. Қазір саясатта жүрген бауырларымыз жақсы біледі, Мағжан «саясат – ағаш ат» дейді. Ол – өте күрделі, өте нәзік дүние. Ірі тұлғаны үлкен саяси партиялар өзіне тартқысы келеді. Сол арқылы өз идея­сын ілгерілетуді қалады. Сондықтан ХХ ғасыр басында Әлихандардың өзі марксизм­ге сол замандағы ірі, әлеуметтік сипат­тағы ағартушы идея ретінде қара­ған. Қиын шақта Алаш зиялыларының көбі коммунистік партияға өтті. Демек Әлібидің де, Амангелдінің де тари­хи қыз­метін замана аясында қарауымыз ­керек. Аман­­гелдіні ұлтты азат етуді қала­ған тұлға ретін­де көтеру, көру, түсіну, әрине, түрлі қайшылыққа түсінік береді. Сонымен бірге қиын кезде, Алаштың зиялылары бір-бірімен ара­ласа алмай қалған тұста олардың отбасына қолдау көрсеткен Әліби Жангелдиннің еңбе­гін ұмыт­пауымыз керек», деді ғалым.

«Оян, қазақ!» фильмінде Міржақып рөлін ойнаған әртіс Бақыт Жағыпар «ел зиялыларының сенім саламаттылығы мен ел тарихын жетік білуі – ұрпақ үшін тегеурінді тірек» екенін тілге тиек етті.

Қазақстан мұсыл­мандары діни бас­қар­масы өткізіп отыр­ған бұл жиында жер­­гілікті зиялылар ой-пікірін, ұсы­ны­­сын айтып, міржақыптануға сәттілік тіледі. 

Жиын соңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бақытсыз Жамал: тағдыр және таным» тақырыбында жарияланған эссе бай­қауы­ның жеңімпаздарын марапаттады.

Конференциядан кейін көпшілік Торғай музейлер кешені мен облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана әкелген көш­пелі көрмені тамашалады.

Қостанай облысы 

Бөлісу:
Сыңар ойдан – сүбелі пайымға · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар