Медицина
2 мин оқу 40

Жапондар өткізген шеберлік дәрісі

<p style="text-align: justify;">Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында жапондық жетекші мамандардың қатысуымен операциялық эндоскопия жөнінде халықаралық шеберлік дәрісі өтті. Ауқымды шара еліміз медицинасының дамуына, хирургия саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес болды.</p>

Жапондар өткізген шеберлік дәрісі

Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов атап өткендей, шеберлік сабағын өткізу – жай ғана тәжірибе алмасу емес, халықаралық стандарттарды отандық тәжірибеге ен­гізудің нақты қадамы.

«Біз жапондық ғылыми орталықпен келісімге келудің соңғы кезеңіне шықтық. Алдағы жылдан бастап Алматы облысының хирургтері мен эндоскопистері Жапонияда тегін оқып, тағылымдамадан өте алады. Қатысу шарттарының бірі – ағылшын тілін білу. Бұл жас мамандарға үлкен ынталандыру болады, денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін ны­ғайтады. Сонымен қатар отандық дәрі­герлер елдің жетекші медициналық меке­мелерінің бірі саналатын Астанадағы Ұлттық онкология орталығына да оқуға жіберіледі. Мақсатымыз – медициналық кадрлардың кәсіби дамуын үздіксіз қам­тама­сыз ету, озық технологияларды қолда­нысқа енгізу», деді Ержан Әбілқасым­ұлы.

Шеберлік сабағына Жапониядан келген екі жетекші маманмен қатар, еліміздің штаттан тыс бас эндоскописі, профессор Қанат Батырбеков қатысты. Эндоскопиялық операциялардың көрсетілімдері, оқу сессия­лары, клиникалық жағдайларды тал­қылау болып өтті.

Жапондық мамандардың отандық дәрігерлерді оқытуға қатысуы – денсаулық сақтау жүйесінің дамуына қосылған баға жетпес үлес. Мұндай іс-шаралар дәрігер­лердің біліктілігін арттырып қана қоймай, медициналық көмектің сапасын страте­гиялық тұрғыдан күшейтуге ықпал етеді.

Эндоскопия орталығының меңгерушісі, хирург дәрігер Тахир Шкуралиевтің ай­туын­ша, жапон эндоскопия мектебі жоғары техникалық дәлдігімен қатар, ұқыпты араласу философиясымен ерекше­ленеді. Оның сөзінше, Алматы облысы­ның мамандары тек технологияны ғана емес, сол көзқараспен ойлау жүйесін де меңгеріп жатыр. Бұл – бүкіл эндоскопия қызметінің дамуына жасалған маңызды қадам.

Отандық эндоскопия қоғамдық бір­лестігінің төрағасы, профессор Қанат Батырбеков мұндай шеберлік сабақтарын өткізу саланың өсуінің басты кепілі екенін, дәл қазіргі режімде көруге болатын операциялар, нақты жағдайларды талқылау, халықаралық сарапшылармен қарым-қатынас – мұның барлығы пациенттерге көрсетілетін көмектің сапасына тікелей әсер ететінін айтады.

Шеберлік сабағының екінші күні па­циенттерге консультация беру, қосымша хирургиялық көрсетілімдер, сарапта­малық пікірталастар өтті. Осындай деңгей­дегі іс-шараның Қонаев қаласында ұйым­дастырылуы отандық мамандардың жоғары кәсіби даярлығының, еліміз медици­насының халықаралық кәсіби ынтымақ­тастыққа ашықтығының дәлелі болды.

Алматы облысы 

Бөлісу:
Жапондар өткізген шеберлік дәрісі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар