Балқашта жаңа спорт кешені ашылды
<p style="text-align: left;"><strong>Балқаш қаласындағы Металлург стадионы аумағында жаңа көпфункционалды спорт залы ашылды. Бұл заманауи нысан – «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің демеушілігі және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асқан, әлеуметтік мәні зор жоба, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</strong></p>

Биіктігі 12 метр, жалпы аумағы 1 320 шаршы метрді қамтитын жаңа спорт залында қазақ күресімен бірге дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі және самбо секілді түрлі күрес түрлерімен кәсіби деңгейде шұғылдануға мүмкіндік бар. Кең әрі жарық ғимарат халықаралық талаптарға сай жабдықталып, жаттығулар мен әртүрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге толықтай бейімделген.
Мұнда балалар мен жасөспірімдер үшін тұрақты және тегін спорт секциялары қарастырылған. Бұл Балқаш жастарының спортпен жүйелі түрде айналысуына, дене шынықтыру мәдениетін қалыптастыруға және болашақ чемпиондардың шығуына мүмкіндік береді. Жақын уақыттарда жаңа зал базасында түрлі деңгейдегі жарыстар мен спорттық-мәдени іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.