Руханият
3 мин оқу 40

Ағалар аманатына адалдық

<p style="text-align: left;">Алматыдағы Ұлттық кітапханада көрнекті мемлекет қайраткері, заң ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің &laquo;Атамұра&raquo; баспасынан жарық көрген &laquo;Менің ағаларым&raquo; атты эсселер жинағының таныстырылымы өтті. Зиялы қауым жылы қабылдаған жинаққа автордың кейінгі жиырма жыл (2005&ndash;2025) ішінде жазылып, қазақ қауымының ыстық ықыласына ие болған халқымыздың көрнекті мемлекет және қоғам, ғылым мен мәдениет қайраткерлері туралы таңдаулы эсселері енген.</p>

Ағалар аманатына адалдық

Жинақтың таныстырылымына қатысқан автор бұл еңбекті тіршілік тақтасында өзі тікелей араласып аға-іні болып табысқан, қамқорлығын көрген, өмір-өнегесін биік қоятын тұлғалар алдындағы іні­лік һәм шәкірттік борышы ретінде жарыққа шығарғанын атап өтті. XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басындағы халқымыздың айтулы он бес тұл­ғасын қамтыған жинақтың же­келеген тараулары, кітапқа енген әсерлі естеліктердің бір­сыпырасы бұған дейін мерзімді басылымдарда жарияланған.

Тағылымды жинақтың алғаш­қы эссесі «Ғұлама» деген та­қырыппен Манаш Қозы­баев­қа арна­лып, автор ұстаз бен шә­кірт­тің жарасымды сый­ласты­ғын, мейірім мен ша­па­ғат­қа бөленген ұмытыл­мас жылдардың естелігін баян ете­ді. Ал «Ақсарағат» эс­сесінде ғы­лыми жетекшісі академик Са­лық Зи­манов­тың майдан мен ғылым жо­лындағы қайраткерлік жо­рық­тарынан сыр шерткен. Сол сияқты Ұлттық ғылым ака­демиясының президенті, Лениндік сыйлықтың лауреаты Шаһмардан Есенов, академиктер Рымғали Нұрғали, Төре­гелді Шарманов, Өмір­бек Жолдасбеков, Зейнолла Қабдолов, профессор Темір­бек Қожакеев туралы тол­ғаныстардың әрбірі тебіреніс­пен қағазға түскен.

Автор Халық қаһарманда­ры, Рейхстагқа ту тіккен Ра­қымжан Қошқарбаев пен партизан жазушы Қасым Қайсенов жайындағы «Жаужүрек» және «Қаһарман» эсселерін сұрапыл соғыс жылдарындағы көпшілікке белгісіз, нақты құжаттармен дәйектейді.

Сонымен қатар айтулы қоғам қайраткерлері Камал Смайыловтың, Қалтай Мұ­хамеджановтың, Шот-Аман Уәлиханның ғибратты ғұмыр­лары шалқар шабытпен қа­ғазға түскен. Кейінгі кезеңде зор ізденіспен жазылып, оқыр­мандар ықыласына бөленген зерттеуі қазақтың ғұлама жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Мұхтарұлы Әуезовке арналған. Бұл эсседе кейіп­кер­дің балалық шағынан басталған өмір жолы көркем суреттеледі. «Асылзада» эссесі – автордың қолына алғаш қалам ұстатып, «Әліппеден» бұрын қасиетті «Құ­ранды» оқытқан әкесі Абрар Әке­тайұлына арналыпты.

Іс-шараны жүргізген ақын Бауыр­жан Жақып кітапта ат­тары қоғамға таныс қайрат­керлердің тасада қал­ған аза­мат­тық қадамдары, баға­лан­бай қалған қайсарлықтары, бей­мәлім қырлары сипатталғанын айтады.

п

«Бұл кітап інінің ағалар тура­лы сезімі ғана емес, ал­дыңғы толқынның айтулы тұл­ғаларын толық талдап, терең бағалауы. Жинақ жылдар бойы жинақ­талған зерттеулерден, үлкен архивтерден алынған мұрағат құжаттарынан, толымды деректерден тұрады. Бұл эсселер – өскелең ұрпақ үшін өзінше бір тәрбие алатын мектеп. Айбынды тұлғалар­дың ел ертеңі үшін ғылымда, әде­биетте, заң саласында, мә­дениет­тануда, журналистика­да талмай еткен еңбегі, төк­кен тері кейінгілер үшін шам­шырақ. «Түркістан» газетінде Абзал Бөкеннің, «Қазақ әде­биеті» газетінде Қансейіт Әбдезұлының, «Ана тілі» газетінде Нұрғали Ораздың, әлеу­меттік желіде Жүсіпбек Қорғасбектің, Қали Сәрсенбай мен Дидар Амантайдың, сол секілді осы кітапты оқыған басқа да қалам ұстаған аза­маттардың пікірі жарияланды. Соғыс жыл­дарындағы тарих, ашаршылық кезін­дегі тарихымыз да, зоба­лаң репрессия кезіндегі кейбір ақ­таңдақтар да, Алаш ардақ­тыларының атқарып кет­кен істері де осы жинақта қам­тылған», дейді Бауыржан Жақып.

Еркін форматта өрбіген тұсаукесерде ұлттық мәдениет, тарихи тұлғалардың ел біле бермейтін беймәлім қырлары хақында естеліктер айты­лып, академик Жанғара Дәде­баев, жазушы Кәдірбек Се­гізбайұлы, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құл­кенов, тағы басқа да әде­биет пен ғылым майталмандары пікірлерін білдірді. Кітап тұсаукесерінен тағылым қалуы керегін айтқан автор бір­қатар кітапханалар мен оқу орын­дарының қорына «Менің аға­ларым» жинағын сыйға тартты.

«Менің кейінгі 25 жылдағы ғұмырым түгелдей мәдениетке, ақпаратқа, кітап басу ісіне ар­налған екен. Көп жұрт осы саланы ұзақ басқарған адам 2-3 жыл сайын кітап шығарған шығар деп ойлауы мүмкін. Бірақ мен 25 жылда бірде-бір кітап шығармаппын. Бұл жазуды тоқтатқаным емес, осы жылдар бедерінде үздіксіз жазумен болдым. Қызметтен кеткеннен кейін бар күш-қуатымды қаламға арнадым десем де болады. Жазған-сызғандарымды жинақтағанда 7-8 томға еркін жететін дүниелер бар екен. Оның бәрін асықпай, рет-ретімен шығаратын уақыт келді деп есептеймін. «Менің ағаларым» жинағындағы эсселер 20 жыл бойы жазылып келе жатқан дүние. Біразы газет-журналдарда жарияланды. Басылымның бір ерек­шелігі – бұл дүниелер алға­шында қалай жазылса, еш­бір жерін өзгертпестен қаз-қалпында ұсынып отырмын. Кейіп­керлерімнің әрбірі ғылымға, ұлтқа, шынайы қызмет еткен адамдар», дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

АЛМАТЫ 

Бөлісу:
Ағалар аманатына адалдық · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар