Саясат
2 мин оқу 10

Сенімді диалогтің ықпалы зор

<p style="text-align: left;">Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Палестинаның Жоғарғы судьясы, Палестина Президентінің дін істері жөніндегі кеңесшісі Доктор Махмұд Седки Әл-Хаббашпен кездесті. Тараптар халықаралық ұйымдар шеңберінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады және Газа секторындағы гуманитарлық ахуал жөнінде пікір алмасты.</p>

Сенімді диалогтің ықпалы зор

Палата спикері мейманға ілтипат білдіріп, Қазақстан Палестинаны араб әлеміндегі маңызды серіктестердің бірі ретінде қарастыратынын және екі ел арасында түрлі саладағы қатынастарды дамытуға мүд­делі екенін атап өтті. Кездесу­де екіжақты достық қарым-қатынас­тар­ды нығайтуға жоғары деңгей­дегі белсенді және сенімді диалогтің ықпалы зор екені де сөз болды.

«Бүгінде екі ел арасында сая­си диалог жоғары деңгейде жалғасып келеді. Палестина Президенті Махмұд Аббастың 2022 жылы Астанада өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне қаты­суы – соның айқын дәлелі. Саммит аясында Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев Палестина Президентімен кездескенін ерекше атап өт­кен жөн. Бұл келіссөздер екі ел арасындағы өзара түсіністік пен серіктестікті нығайту­ға маңызды серпін берді. Біз алдағы уақытта да сіздер­дің елдеріңізбен түрлі сала­дағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз әрі Палестинаны нығайтуға бағытталған бастамаларды әрдайым қолдаймыз», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төрағасы Газа секторындағы бұрын-соңды болмаған гума­нитарлық ахуалға алаң­дау­шылық білдірді. Ол бейбіт тұр­ғындардың зардап шегуі қабырғаны қайыс­тыратынын айтып, жанжалды дипломатиялық жолмен шешудің маңызды екенін тілге тиек етті.

«Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті қарарларына сәйкес, Палестина халқының заңды құқықтарын, сондай-ақ «екі халық үшін екі мемлекет» қағидатын дәйекті түрде қолдайды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жанжалды дипломатиялық жолмен шешу – тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізудің жалғыз жолы. Біздің басты қағидатымыз – гуманитарлық көмектің қауіпсіз, үздіксіз, шартсыз қолжетімді болуы, азаматтардың қорғалуы және инфрақұрылымның қалпына келтірілуі», деп М.Әшімбаев екі елдің Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы, Ислам Ынты­мақтастығы Ұйымы және басқа да институттар мен халық­аралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдың басым бағыт­тарына назар аударды.

Сондай-ақ тараптар Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбас­шыларының съезі шеңберіндегі бірлескен жұмысты талқылап, қақтығыс­тарды бейбіт жолмен шешудің және рухани дипломатияны дамытудың маңызы жөнінде сұхбат құрды. 

Бөлісу: