Жаңа жылдан бастап ел азаматтары жеке куәлікті тегін алады
<p><strong>2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ел азаматтары жеке куәлік алғанда немесе ауыстырғанда төленетін баж салығынан босатылады. Ішкі істер министрлігінің бастамасымен енді қазақстандықтар жеке куәлікті тегін алып, ауыстырады, деп жазады <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</strong></p>

Қазір паспорттарды электронды түрде рәсімдеу мүмкіндігі тек ел ішінде емес, шетелдерде де қолжетімді. Бұл қызмет 71 елдегі 99 шетелдік мекемеде іске асырылған. Шетелде жүрген қазақстандықтар енді паспортты бұрынғыдай 6 ай күтпей, небәрі 30 күн ішінде ала алады.
Бүгінде елімізде халықты құжаттандырудың бірыңғай жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе арқылы азаматтарға жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) беріледі, жеке куәлік пен паспорттар рәсімделеді, сондай-ақ азаматтарды тіркеу (тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеу) жүзеге асырылады.
Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов келер жылдан жеке куәлікті тегін беру, ауыстыру ісі құжат алу рәсімін жеңілдетіп, азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталғанын атап өтті.