Иранға астық экспорты 72%-ға артты
<p><strong>2025 жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясының еншілес кәсіпорны – «Ақ Бидай-Терминал» АҚ арқылы астықты ауыстырып-тиеу көлемі 316,5 мың тоннаға жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 72%-ға артық. Экспорттың басты бағыты қазақстандық астыққа тұрақты қызығушылық танытатын Иран Ислам Республикасы болды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</strong></p>

Өткен жылдың екінші жартысында жеткізілім логистикасына Ақтау – Каспий теңізінің Иран порттары бағытындағы теңіз флотының уақытша тапшылығы, ауа райы жағдайлары, сондай-ақ Ирандағы геосаяси жағдайдың өзгеруі сияқты факторлар айтарлықтай әсер етті.
Ирандық сатып алушылар тарапынан сұраныс жоғары болғандықтан биыл «Ақ Бидай-Терминал» арқылы ауыстырып-тиеу жоспарын 400 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Экспорттық жөнелтулер үшін Каспиде түп тереңдету жұмыстары жүргізіледі.
Астық терминалы тәулік бойы жұмыс істейді.
Айта кетейік, «Ақ Бидай-Терминал» АҚ «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ еншілес ұйымы. Оның негізгі қызметі – астықты теміржол көлігінен Ақтау портында теңіз кемелеріне ауыстырып-тиеу. Астық кешені Ақтау портында орналасқан, ол 2002 жылы салынған және Каспий өңіріндегі ең үлкені болып саналады. Терминал жылына 600 мың тонна астықты ауыстырып-тиеу қуатына ие.