Ұлттық кітап күніне орай өңірлерде қандай іс-шаралар өтеді?
<p><strong>Ұлттық кітап күні қарсаңында еліміздің барлық өңірінде «Weekend. Book. Vibes» атты ауқымды іс-шаралар легі бастау алды. Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйытқы болған бұл бастама кітап оқуды насихаттауға, қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға және өскелең ұрпақтың әдебиетке деген ықыласын оятуға бағытталған, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</strong></p>

Демалыс күндері республика бойынша кітапханалар, мәдениет ошақтары мен білім беру ұйымдары нағыз рухани орталықтарға айналмақ. Бағдарлама аясында ашық аспан астында кітап оқу алаңдары, шығармалар негізінде түсірілген фильмдердің көрсетілімі, кітап клубтарының басқосулары мен бүлдіршіндерге арналған түрлі танымдық жобалар ұйымдастырылады.
Абай облысында балаларға арналған «Кітап оқу алаңдары» акциясы мен «Демалыс пен кітап – шабыт үндестігі» атты поэзия кеші өтеді.
Ақмола облысында «Мен әлемді кітап арқылы білемін» әдеби кеші мен «Quiz book: Білім бәйгесі» зияткерлік ойыны жоспарланған.
Ақтөбе облысында «Кітап – трендте!» атты әдеби-танымдық кеш өткізіледі.
Батыс Қазақстан облысында оқушылар үшін «Кітап кейіпкерлері сөйлейді» атты ерекше форматтағы шара ұйымдастырылмақ.
Жетісу облысында «Ақындар мұрасы» поэзия кеші мен зияткерлік сайыстар өтеді.
Қызылорда облысында «Кітап – сарқылмас қазына» атты ауқымды оқу марафоны өз мәресіне жетпек.
Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл жобалардың барлығы қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға және кітаптың адам өміріндегі рөлін айшықтауға негізделген.