Амангелді батырдың ағаш төсегі музейде сақтаулы тұр
<p>Амангелді ауылындағы А.Иманов атындағы мемо­риал­дық музейде Торғай өңі­рінің арғы-бергі тарихына қатысты 5800-ден аса жә­дігер сақтаулы тұр. Соның ішінде Амангелді батырдың бала кезінде жатқан төсегі де бар. Құнды жәдігер батырдың анасы Қалампырдан қалған.</p>

ХІХ ғасырда белгісіз шебердің қолынан шыққан төсектің жақтауы сол дәуірге тән ою-өрнекпен нақышталған.
«Бұл төсекағаштың төсеніші, көрпе-жамылғысы, ағаштан жасалған жастығы түгел сақталған. Астыңғы төсеніші қалың қамыстан жасалған. Бұл бізге өткен ғасырдың 70-жылдары облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан келген», дейді музейдің қор сақтаушысы Дана Сейдағалиева.
Төсекағаштың үстінде шағын қалақ домбыра бар. Жанында батырдың ұрпақтарына тиесілі желбегей, Амангелдінің немере інісі Рахымқұл Есетайұлынан алынған қалың шапан, Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісте мыңбасы болған Әлжан Қарабайұлының кісе белбеуі ілулі тұр.
Қостанай облысы