Өнер
2 мин оқу 50

Крайовадағы қазақша қойылым

<p style="text-align: left;">Еліміздегі ең көне өнер ордасының бірі &ndash; Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры Румынияның Крайова қаласында өткен халықаралық &laquo;The Craiova International Shakespeare Festival&raquo; фестивалінде ересектерге арналған &laquo;Ромео мен Джульетта&raquo; спектаклін шетелде алғаш рет ана тілімізде сахналап, еуропалық көрермендердің жоғары бағасына ие болды.</p>

Крайовадағы қазақша қойылым

Алдымен «The Craio­va­ International Shakes­peare Festival» – ұлы драматург Уильям Шекспирдің шығармашылық мұрасын заманауи тұрғыда зерделеуге, театр өнерін дамытуға, тәжірибе алмасуға бағытталған ең айтулы халықаралық театр алаңдарының бірі екенін айта кету керек. Бұл фес­тиваль 1994 жылдан бері Крайова қаласындағы Марин Сореску атындағы ұлттық театр­дың бастамасымен араға жыл салып өтіп келеді. Биылғы өнер додасында әлемнің 28 елінен келген 90 шақты шығармашылық ұжым тоғысып, он күнде көрер­мендерге шамамен 300 мәдени іс-шара ұсынылған.

Алматыдағы Мемлекеттік ака­­демиялық қуыршақ театры айтулы шараға 2025 жылы Фран­цияның Авиньон қаласында өткен халықаралық «Off Avignon» театр фестивалінде шақырту ал­ған. Онда да театр мамандарының ­назарын «Ромео мен Джульетта» спектакліндегі ерекше камера­лық интерпретациясы арқылы аудартқан. 

Әлемге әйгілі махаббат хикая­сы 2019 жылы режиссер Дина Жұмабаеваның жетекшілігімен сахналанса, қойылымның хорео­графы Анна Цой мен қоюшы-суретшісі Юлия Чернованы да атап өту ләзім.

«Ромео мен Джульетта» спек­таклі бұған дейін де Франция, Канада, Болгария, Ресей, Түркия және еліміздегі халықаралық театр фестивальдарында жоғары мара­­паттарға ие болса, Крайова қала­­сындағы қойылымда Ұлан Адам­­баев, Бота Табылдиева, Мақ­сат Ка­ма­лов, Шохан Құлназаров, Эль­­мира Құмарова, Арайлым Байыр­­бекова сынды актерлер өнер көрсетті.

Крайовадағы көрсетілім көрер­меннің үлкен қошеметіне бөлен­генін лық толы зал мен спектакль аяқталғаннан кейінгі ұзақ қол шапалақтаудан білуге болады. Әртістердің шынайы ойыны, қуыршақ жүргізудегі шеберлігі, икемділігі мен хореографияның үйлесімді үндестігі, сондай-ақ сце­нографиялық шешімнің тұтастығы театр мамандары тарапынан жо­ғары бағаланды. Фестиваль қо­нақ­тары мен халық­аралық театр қа­уым­дастығының өкілдері қазақ­стандық қуыршақ өнерінің жоғары кәсіби деңгейін атап өтті.

Көрсетілімнен кейін театр ұжымы 2027 жылы Румынияда өтетін «The International Theatre Festival  «Elvira Godeanu» халық­аралық театр фестиваліне қатысуға шақырту алды.                         

АЛМАТЫ 

Бөлісу:
Крайовадағы қазақша қойылым · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар