Заң мен Тәртіп
5 мин оқу 20

Рақымшылық: Халықаралық үрдіс пен ұлттық тәжірибе

<p style="text-align: left;">Рақымшылық институты әлемнің көптеген мемлекетінде кеңінен қолданылады. Бүгінде ол ТМД елдерінің барлығында, сондай-ақ Аустрия, Албания, Андорра, Болгария, Вьетнам, Дания, Мысыр, Ирак, Италия, Қытай, Солтүстік Корея, Латвия, Ливан, Литва, Португалия, Румыния, Сан-Марино, Түркия, Филиппин, Франция және Эфиопия секілді елдердің заңнамаларында көзделген.</p>

Рақымшылық: Халықаралық үрдіс пен ұлттық тәжірибе

Дегенмен рақымшылықты қолдану тәжірибесі мемлекет­тер арасында айтарлықтай ерек­шеленеді. Кейбір елдерде ол жиі жарияланып, сотталғандар­дың едәуір бөлігіне қатысты қол­данылады. Ал кейбір мемлекеттерде рақымшылық тек ерекше жағдайларда ғана жүзеге асы­рылады. Мәселен, Латын Америкасының бірқатар елін­де амнистия негізінен саяси сипат­тағы қылмыстарға ғана қатыс­ты қолданылады.

Сонымен қатар англо-саксон­дық құқықтық жүйе елдерінде, сондай-ақ роман-германдық құ­қық­тық жүйенің жекелеген мем­лекеттерінде рақымшылық инс­титуты мүлде қарастырылмаған. Олардың қатарына Германия, Испания, Нидерланд, Норвегия, Швеция және Эстония жатады.

Әлемдік тәжірибеде рақым­шы­лық, әдетте, қылмыстық жа­уап­кершілікке тар­тыл­ған немесе сотталған адамдарға қолда­ны­лады. Алайда рақымшылық актісі адамның қылмыс жасаға­ны жөніндегі құқықтық фактіні жоймайды. Ол негізінен жазаны жеңілдету, оны неғұрлым жұмсақ жаза түрімен ауыстыру, қосымша жазадан босату немесе жазасын өтеп шыққан адамның соттылығын жою сияқты құқық­тық салдарларға алып келеді.

Көптеген елде рақымшылық аза­маттық-құқықтық міндет­те­мелерді тоқтатпайды. Мәселен, Аргентина, Гондурас, Ирак, Куба, Молдова, Франция заңна­маларында рақымшылық жасау қылмыстық іс бойын­ша жәбір­ленушілердің немесе азамат­тық талапкерлердің талаптарынан бо­сатпайтыны нақты көрсетілген. Ал Вьетнамда, керісінше, ра­қым­­шылықтың азаматтық жауапкершілікке де таралатын жағдай­лары қарастырылған.

Көптеген мемлекеттің заңна­маларында рақымшылық жасау­ға болмайтын тұл­ғалар немесе қылмыстар санаты нақты көрсетіл­мегенімен, іс жүзінде бұл институт көбіне қоғамдық қауіп деңгейі төмен құқық бұзушылықтарға және ауыр емес қылмыстарға қатысты қолданылады.

Мысалы, Бразилия Консти­туциясына сәйкес азаптау әрекет­терін жасаған, терроризмге қа­тысқан немесе есірткі мен психо­троптық заттардың заңсыз айналымымен айналысқан адамдар­ға рақымшылық қолданылмай­ды. Эфиопия Конституциясы адам­затқа қарсы қыл­мыстар жаса­ған адамдарға қатысты ра­қым­шы­лық жасауға, оның ішінде жазаны жеңілдетуге тыйым салады. Ал Эква­дорда геноцид, азаптау, күштеп жоғал­ту, адам ұрлау және саяси немесе идеоло­гиялық себептермен жасалған кісі өлтіру секілді қылмыстар рақымшылыққа жатпайды.

Әлемдік тәжірибеде рақым­шылық тек қыл­мыстық құқық саласымен шектел­мейді. Кейбір мемлекеттер әкімшілік немесе қаржылық сипаттағы рақымшылық шараларын да қолданады. Мәселен, Поль­шада негізінен салық амнистия­сы тәжірибесі қалыптасқан. Ал Италия қылмыстық және әкім­ші­лік рақымшылықпен қатар, заң­сыз ­мигранттарды заңдастыру мәселесін де бірнеше рет көтер­ген мемлекет ретінде ерекшеленеді.

Биыл сәуір айында Италия бес жылдық салықтық рақымшы­лық бағдарламасын – rottamazione quinquies бастамасын ресми түр­де бекітті. Ол 2026 жылғы бюджет ­туралы заңға енгізілген. Бағдарлама аясында 2000 жылғы 1 қаңтар мен 2023 жылғы 31 желтоқсан ара­лығындағы салық берешектері қаралады. Бұл шара салық төлеуден әдейі жалтарғандарға емес, қар­жылық қиындықтарға тап болып, бірақ міндеттемелерінен саналы түрде бас тартпаған азаматтарға арналған.

Италия билігінің болжамын­ша, атал­ған рақымшылық бағ­дарламасы 2026–2036 жылдар ара­лығында мемлекеттік бюджетке қосымша 9 миллиард еуроға дейін кіріс әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар Италия кейін­гі жылдары түзеу мекемелері­нің шамадан тыс толуына байла­нысты қылмыстық рақым­шы­лық мәселесіне де ерекше назар аударып келеді. World Prison Brief деректеріне сәйкес, ел түр­мелерінің толымдылығы шамамен 122 пайызға жеткен. Осыған байланысты Италия билігі жазасын өтеушілердің бір бөлігін мерзімінен бұрын босату тетіктерін қарастыруда.

Елдің Әділет министрлігі жа­риялаған мәліметтерге сәйкес, биыл шамамен 10 мыңға жуық сотталған адам немесе жалпы түрме контингентінің 15 пайызы мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін. Олар жазаларын балама тәсілдер арқылы өтеуді жал­ғастырады. Атап айтқанда, үй­қамақта болу немесе әлеуметтік маңызы бар жұмысқа тартылу сияқты шаралар қолданылады. Бұл тәсіл бір жағынан түзеу меке­мелеріне түсетін жүктемені азайтса, екінші жағынан қосымша еңбек ресурстарын қалыптастыруға мүм­кіндік береді.

Алайда мұндай рақымшылық барша сотталғандарға бірдей қол­данылмайды. Ол тек үкімі заңды күшіне енген, жаза мерзімінің аяқталуына екі жылдан аз уақыт қалған және кейінгі бір жыл ішін­де ауыр тәртіптік бұзушылық­тар­ға жол бермеген адамдарға ғана қатысты қарастырылады. Тер­ро­ризм, ұйымдасқан қыл­мыс, зорлау, адам саудасы және адам ұрлау сияқ­ты ауыр қыл­мыс­тар үшін сот­тал­ғандар ра­қым­шылықтан тыс қалады.

Италияның тағы бір ерекше­лігі – заңсыз мигранттарды заңдас­­ты­ру бағытындағы бастамалары. ­2019 жылдың соңында Эмма ­Бонино жетекшілік ететін Più Europa ­пар­тиясы елге заңсыз келгенімен, ресми түрде еңбек етіп жүрген мигранттарды жаппай заңдастыруды көздейтін Sanatoria бағдарламасын ұсынды. Кейін бұл бас­тама Италия парламентінде кеңінен тал­қы­ланып, шетелдік жұмыс күшін құқықтық алаңға шығару тетігі ретінде қарастырылды.

2020 жылы аталған идеяны үкімет мүшелері, оның ішінде Ішкі істер министрі Лучиана Ламоргезе қолдады. Нәтижесінде, сол кездегі Премьер-министр Джузеппе Конте басшылық еткен үкімет 2020 жылғы 13 мамырда қабылданған Decreto Rilancio жарлығы арқылы мигранттарды заңдастыру жөніндегі шараларды іске қосты. Бағдарлама негізінен ауыл шаруашылығы, үй күтімі және еңбек ресурстары жетіспейтін басқа да салалардағы жұмысшыларды қамтыды.

Кейінгі жылдары да Италияда мигрант­тарды заңдастыру мәсе­лесі күн тәрті­бінен түскен жоқ.
2024–2026 жылдары орта­лық-сол­шыл партиялар, кәсіподақтар, като­ликтік ұйымдар және бірқатар жұмыс беру­шілер ұзақ уақыт бойы Италияда тұрып жатқан, тұрақты жұмысы бар екенін дәлел­дей алатын, ауыр қылмыс жасамаған, ­қо­ғамға бейімделген мигранттарға құқық­тық мәртебе беру жөнінде ұсыныстар енгізді.

Олардың пікірінше, құжатсыз жүрген жүздеген мың еңбек мигранты ауыл шаруашылығы, құ­рылыс, туризм және қарттарға күтім жасау секілді салалардың тұ­рақты жұмыс істеуіне елеулі үлес қо­сып отыр. Сонымен қатар олар түрлі жанама салықтарды төлеп, ел экономикасына нақты пайда әкелуде.

Алайда қазіргі Премьер-министр Джорджа Мелони бас­қа­ратын үкімет бұл ұсыныстар­ды қолдаған жоқ. Оның орнына заң­сыз көші-қонмен күресті күшейтуге, депортация рәсімде­рін жеделдетуге және шетелдік жұмыс күшін квота жүйесі арқылы реттеуге бағытталған саясатты таңдады. Осы мақсатта Decreto Flussi бағдарламасы негізінде жаңа шаралар қабылданды. Нәти­жесінде, 2025–2026 жылдары Италия билігі заңсыз мигранттарды жаппай заңдастырудан гөрі көші-қон ағындарын бақылауды күшейтуге басымдық беріп отыр.

Елімізде де  биыл рақымшы­лық институтын қолданудың жаңа кезеңі басталмақ. Елде қылмыстық рақымшы­лықпен қатар алғаш рет әкімшілік рақымшылық жүргізу көзделіп отыр. Өткен аптада Сенат депутаттары тиісті заң жобасын мақұлдады.

Құжатқа сәйкес, рақымшылық қыл­мыстық теріс қылық жасаған­дарға, онша ауыр емес қылмыстар үшін сотталғандарға, сондай-ақ залал келтірмеген немесе келтірілген залалды толық өтеген жағдайда орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамдарға қолданылуы мүмкін.

Сонымен бірге сыбайлас жем­қорлық қылмыстары, терро­ристік және экстре­мистік әрекет­тер, кәмелетке толмағандар­дың жы­ныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, азаптау фактілері, қауіпті және аса қауіпті рецидив, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік­ке елеулі қатер төндіретін ауыр қылмыстар рақымшылықтан тыс қалдырылған.

Ал әкімшілік рақымшылық азамат­тарға, жеке кәсіпкерлерге, жеке нотариус­тарға, жеке сот орындаушыларына, адво­кат­тарға және заң консультанттарына қа­тыс­ты қолданылмақ. Бұл санаттағы тұлға­­лар әкімшілік айыппұл түріндегі жазалар­дан толық немесе ішінара босатылуы мүмкін.

Осылайша, әлемдік тәжірибе рақым­шы­лық институтының тек ізгілік қағида­тына ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік, эко­номикалық және құқықтық мін­деттерді шешудің маңызды құра­лына айналғанын көрсетеді. Әр мемлекет оны өз қажеттілігіне қарай қолданады. Бір елдер үшін бұл түр­мелердегі жүктемені азайтудың жолы болса, енді біреулер үшін көлеңкелі экономиканы қысқарту немесе әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету тетігі саналады. Еліміздегі жаңа рақымшылық нау­қаны да осы халықаралық тәжі­рибенің ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген.

Бөлісу: