Адам өмірі – ең басты құндылық
<p style="text-align: left;">Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде Медицина қызметкерлері күні атап өтіледі. Бұл – өмірін адам денсаулығын сақтауға, талай жанға араша болуға арнаған абзал жандардың кәсіби мерекесі.</p>

Бұл күні дәрігерлердің, мейіргерлердің, фельдшерлердің, санитарлардың, жедел жәрдем қызметкерлерінің, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы барлық мамандардың еселі еңбегі ерекше бағаланады.
Дәрігер мамандығы – адамзат тарихындағы ең көне әрі ең қастерлі, зор жауапкершілік жүктейтін мамандықтардың бірі. Ол жай кәсіп емес, жүрек қалауымен таңдалатын биік миссия. Ақ халатты абзал жандар әрбір науқастың өмірі үшін күресе отырып, қоғамға үміт пен сенім ұялатады. Терең білім мен сабырлылықты, биік адамгершілік пен батыл шешімді талап ететін бұл мамандық иелері күн сайын күрделі жағдай мен үлкен жауапкершіліктің ортасында еңбек етеді.
Мемлекеттің басты құндылығы – адам және оның өмірі. Ал сол өмір сапасы мен ұзақтығы тікелей денсаулық сақтау жүйесінің деңгейіне байланысты. Дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті экономика құрып, қуатты мемлекет қалыптастыра алады. Осы орайда мемлекет пен қоғам тарапынан медицина саласының беделін арттыру, дәрігер мәртебесін көтеру бағытындағы жүйелі жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.