Тәрбиеленуші кеңсе пышағынан жарақат алған: Балабақша директоры қызметінен босатылды
<p>Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы Жетібай ауылында орналасқан балабақшада тәрбиеленуші бала кеңсе пышағынан жарақат алды. Оқиға 20 сәуірде болғанымен, әлеуметтік желіде бейнежазба тарағаннан кейін қоғам назарын аударды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>. </p>

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, тынығу уақытында «Жауқазын» балабақшасы директорының ұлы «Көгершін» тобына кіріп, ұйықтап жатқан балаларды оятқан. Соның салдарынан балалардың бірі кеңсе пышағынан жарақат алған.
Тексеру барысында оқиға кезінде топта тәрбиеші мен оның көмекшісі болмағаны анықталды. Әлеуметтік желідегі бейнежазбадан кейін білім басқармасы қызметтік тексеру жүргізіп, оқиғаның болғанын растады.
«2026 жылғы 20 сәуірде күндізгі ұйқы кезінде балабақша директорының ұлы «Көгершін» ересектер тобына кіріп, балаларды оятып, тәрбиеленушілердің біріне кеңсе пышағымен жарақат салған. Оқиға болған сәтте топта тәрбиеші де, тәрбиешінің көмекшісі де болмаған. Топ тәрбиешісінен түсініктеме алынып, заңнама талаптарының бұзылуы мен жұмыстағы кемшіліктерді жою бойынша ұсынымдар берілді», деп хабарлады Маңғыстау облыстық білім басқармасы.
Нәтижесінде 2026 жылғы 13 мамырдағы аудандық білім бөлімінің бұйрығымен балабақша директоры қызметінен босатылды. Сонымен қатар директор мен топ тәрбиешісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды.
Айта кетейік, бұған дейін ұлы мүгедек болып қалған маңғыстаулық әйел балабақша қызметкерлерін жауапқа тартуды талап еткен еді.