140 мың грант: Колледждерге құжат қабылдау қашан басталады?
<p><strong>Елімізде 25 маусымнан бастап техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжат қабылдау басталады. Биылғы оқу жылында колледждерге 140 мың орын бөлінді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>. </strong></p>

Талапкерлер құжаттарды Egov.kz порталы арқылы немесе колледжге барып электронды түрде тапсыра алады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы техникалық мамандықтар бойынша ұлғайтылды. Орта буын мамандықтары мен қолданбалы бакалавриатқа түсушілер үшін конкурс міндетті және бейіндік пәндер бойынша аттестаттың орташа балы негізінде өткізіледі.
Жұмысшы біліктілігін алуға ниетті түлектер колледждерге әңгімелесу нәтижесі бойынша қабылданады. Педагогикалық мамандықтарға түсушілер үшін эссе немесе диктант, медициналық және шығармашылық мамандықтарға түсушілер үшін арнайы немесе шығармашылық емтихандар өткізіледі.
Құжаттарды қабылдау мерзімдері:
- Жұмысшы біліктілігі – 25 маусымнан 27 тамызға дейін;
- Орта буын мамандықтары (9 және 11 сынып базасында) – 25 маусымнан 22 тамызға дейін;
- Шығармашылық мамандықтар – 25 маусымнан 20 шілдеге дейін;
- Педагогикалық мамандықтар – 25 маусымнан 10 тамызға дейін (9 және 11 сынып базасында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім базасында);
- Медициналық мамандықтар – 9 сынып базасында 25 маусымнан 10 тамызға дейін;
- 11 сынып және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім базасында 25 маусымнан 15 тамызға дейін;
- Кешкі оқу нысаны – 25 маусымнан 20 қыркүйекке дейін.
Сондай-ақ колледждерге қабылдау кезінде Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 15 тамыздағы №261 бұйрығына сәйкес квота қарастырылған. Бұйрықтың толық мәтінімен «Әділет» құқықтық ақпараттық жүйесі арқылы танысуға болады.