Алматы
2 мин оқу 30

Сушиден улану оқиғасы: Алматыдағы дәмханалар тексеріле ме?

<p class="isSelectedEnd">Алматы облысындағы Боралдай кентінде болған сушиден жаппай улану оқиғасынан кейін Алматы қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарына тексеру жүргізу мәселесіне қатысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі түсініктеме берді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Сушиден улану оқиғасы: Алматыдағы дәмханалар тексеріле ме?

Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсель Қалықованың айтуынша, қазіргі уақытта қаладағы мұндай нысандарды жаппай тексеру жоспарланып отырған жоқ.

«Тексеру тек Алматыда немесе тек облыста ғана жүргізілуі керек деп айтуға болмайды. Мұндай шешімді Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер қабылдайды. Қазіргі таңда осы бағыттағы кәсіпорындарды тексеру мәселесі қаралып жатқан жоқ», деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Еске салайық, 17 маусым күні Боралдай кентіндегі «Алатау» базары аумағында орналасқан дәмханадан тағам сатып алғаннан кейін 19 адам улану белгілерімен ауруханаға түскен болатын.

Әсель Қалықованың мәліметінше, Алматы қаласында биыл тағамдық токсикоинфекцияның 21 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 13 науқас – 14 жасқа дейінгі балалар. Сонымен қатар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мұндай жағдайлар саны 27 пайызға азайған. Қала аумағында суши немесе балық өнімдерін тұтынуға байланысты улану фактілері тіркелмеген.

Маман жаз мезгілінде тұрғындарды азық-түлік таңдауға мұқият болуға шақырды.

«Өнімдерді бейберекет сауда орындарынан сатып алмаңыздар. Шығу тегі белгісіз немесе тауарға қатысты құжаттары жоқ өнімдерден бас тартқан жөн. Қажет болған жағдайда сатушыдан өнімнің құжаттарын талап етуге құқылысыздар. Сондай-ақ өнімнің тиісті температуралық жағдайда сақталып тұрғанына және тікелей күн сәулесінің астында тұрмағанына көз жеткізу қажет», деді Асель Қалықова.

Оның айтуынша, жаз айларында әсіресе қышқыл сүт өнімдері, балық және ет өнімдері тез бұзылатындықтан, оларды тұтыну кезінде сақтық шараларын қатаң сақтау керек.

Бөлісу: