Алматыдағы резонансты іс: Әл-Фараби даңғылындағы апатқа кінәлі жүргізушіге үкім шықты
<p>Алматыда биылғы жылдың ең резонансты сот процестерінің бірі аяқталды. Сот Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатын жасаған Zeekr электромобилінің жүргізушісі Александр Пакқа үкім шығарды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a></p>

«Сот Пак Александр Олеговичті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау туралы қаулы етті. Жазаны өтеу орны ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесі белгіленсін. Жаза мерзімі үкім заңды күшіне енген сәттен бастап есептелсін», деп жариялады сот.
Сот шешімімен сотталушы 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Судьяның айтуынша, айыпталушының кінәсі куәгерлердің жауаптарымен, жүргізілген сараптамалардың қорытындыларымен және тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен толық дәлелденген. Сот олардың шынайылығына күмән келтіруге негіз таппаған.
Сонымен қатар сотталған азамат көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні болған. Айыпталушы қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы жүргізуші мен 20 және 22 жастағы екі бойжеткен оқиға орнында қаза тапты.
Соттағы жарыссөздер өте эмоциялық жағдайда өтті. Мемлекеттік айыптаушы Пакқа заңда көзделген ең қатаң жаза ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған болатын (ҚР ҚК 345-1-бабының 4-бөлігі).
Қаза тапқандардың туыстарының ұстанымдары әртүрлі болды. Марқұм қыздардың аналары сотталушының моральдық шығынды толық өтегенін, жасаған ісіне өкініп, кешірім сұрағанын айтып, оны кешіргендерін жеткізді және соттан ең қатаң жаза тағайындамауды өтінді.
Ал жәбірленушілердің бірінің әкесі қатаң ұстаным танытты. Оның өкілі жол апатына кінәлі азаматтан 100 миллион теңге өндіруді және оны заң аясында барынша қатаң жазалауды талап етті.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындады.