Саясат
5 мин оқу 40

Сындарлы ынтымақтастық игілігі

<p style="text-align: left;">Кабулға барған отандық делегацияның бұл жолғы сапары тек гуманитарлық көмек жеткізумен шектелген жоқ. Күн тәртібінде сауда, көлік дәліздері, өнеркәсіп кооперациясы, технология экспорты мен инвестициялық жобалар тұрды. Бұл еліміздің Ауғанстанды өңірлік тұрақтылық пен экономикалық ықпалдастықтың маңызды буыны ретінде қарастыра бастағанын аңғартады.</p>

Сындарлы ынтымақтастық игілігі

Кейінгі жылдары Ауғанстан туралы әңгіме көбіне қауіпсіздік мәселесі төңірегінде өрбитін. Алайда Кабулда өткен оқиғалар бұл елдің өңірлік эконо­микадағы рөліне деген көзқарастың өзгеріп келе жатқанын көрсетті. Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған делегацияның сапары гуманитарлық қолдау, сауда байланысы мен стратегиялық әріптестік қатар өрілген ауқымды миссияға айналды.

Сапардың алғашқы бөлігі гумани­тарлық бағытқа арналды. Еліміз Ауғанстан халқына жалпы салмағы 318,8 тонна гуманитарлық жүк жөнелтті. Оның құрамына дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар, қант, жазғы шатырлар мен тұрмысқа қажетті өзге де заттар кірді.

Гуманитарлық миссияның тағы бір маңызды бөлігі – отандық дәрігерлердің сапары болды. Кабулға еліміздің жетекші медициналық ұйымдарынан тоғыз маман барды. Олар бір апта бойы тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп, жергілікті дәрігерлерге шеберлік сабақтарын өткізеді. Серік Жұманғарин бұл қадамның мәніне арнайы тоқталды.

«Біз Ауғанстанды Оңтүстік пен Орталық Азия аймағындағы стра­тегиялық маңызды әріптестеріміздің бірі ретінде қарастырамыз. Тұрақты әрі гүлденген Ауғанстан бүкіл өңірдің бейбітшілігі мен орнықты дамуына ықпал етеді. Бұл гуманитарлық көмек – қолдау ғана емес, өзара құрмет пен жауапкершіліктің көрінісі», деді ол.

Шын мәнінде, бұл еліміздің кейінгі жылдары ұстанып келе жатқан сая­сатының жалғасы. Ел гуманитарлық көмек жеткізіп қана қоймай, білім беру гранттарын ұсынып, медициналық қолдау көрсетіп келеді.

Сапар аясында өткен Қазақстан – Ауғанстан бизнес-форумы екі ел арасындағы экономикалық қатынастың жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын байқатты. Қазір өзара сауда көлемі 541,8 млн долларды құрайды. Ал алдағы мақсат – бұл көрсеткішті 3 млрд долларға жеткізу. Бұл межеге жету үшін та­уар түрлері көбейтіліп, логистикалық кедергілер қысқартылмақшы.

«Біз ауғандық әріптестерімізге астық, ұн, майлы дақылдар, құрылыс материал­дары, дәрі-дәрмек пен өнеркәсіптік жабдықтарды жеткізуге дайынбыз. Бастысы, тек өнім сатумен шектелмей, ортақ өндірістер ашуға мүдделіміз», деді Серік Жұманғарин бизнес-форумда.

Бұл бағыттың нақты нәтижесі де байқалып отыр. Қазақстандық күнбағыс майын Ауғанстанға жеткізу көлемі кейінгі үш жылда төрт еседен астам өскен. Егер бұрын 17 мың тонна көлемінде өнім жөнелтілсе, бүгінде бұл көрсеткіш 75 мың тоннаға жеткен.

Кабулдағы кездесулердің тағы бір ерекшелігі – технологиялық өнімдердің таныстырылуы. Қазақстандық мамандар әзірлеген BARK VibroLUNG медициналық аппараты ауған тарапына табысталды. Бұдан бөлек, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін мобильді диагностикалық кешен ұсынылды. Форум қорытындысында 45 млн доллар көлемінде 4 500 диагностикалық кешен жеткізу туралы келісімге қол жеткізу жоспарланды.

Бұл жағдай еліміздің шикізат пен азық-түлік қана емес, технологиялық өнім экспорттайтын елге айналып келе жатқанын көрсетеді. Кабулдағы келіссөздердің маңызды бағытының бірі – тау-кен металлургиясы. Ауғанстан пайдалы қазбаларға бай мемлекет саналады. Ал біздің ел металлургия саласында өңірдегі жетекші орталықтардың бірі.

Өткен жылы «Тау-Кен Самұрық» мамандары Бамиан провинциясындағы кен орындарынан сынама алып, зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, отандық кәсіпорындардың бұл кендерді өңдеуге толық мүмкіндігі бары анықталған.

«Біз Ауғанстаннан мырыш кенін жеткізуге мүдделіміз. Қазақстан кәсіп­орындары технологиялық жаңғырту, инженерлік сүйемелдеу мен өндірістік жұмыстарды жүргізу бағытында қажетті тәжірибеге ие», деді Серік Жұманғарин.

Хром кен орындарын игеру мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Әлемдік феррохром өндірісіндегі көшбасшылардың бірі саналатын «ERG» компаниясы бұл бағыттағы ықтимал жобаларды қарастырып отыр.

Дегенмен сарапшылар ең маңызды мәселе ретінде көлік логистикасын атап отыр. Еліміз Ауғанстанды Орталық Азияны Үнді мұхитымен жалғайтын табиғи көпір ретінде бағалайды. Сол себепті Трансауған көлік дәлізіне қызығушылық артып келеді.

«Біз жылына 10 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік беретін CASA Трансауған көлік дәлізін қолдаймыз. Мазари-Шариф пен Тургунди арқылы Гератқа тартылатын теміржол құрылысына қатысуға дайынбыз», деді вице-премьер.

Бұл бастамалар жүзеге асқан жағ­дайда Қазақстан жүктері Пәкістанның Карачи мен Гвадар порттарына қысқа жолмен шығу мүмкіндігіне ие болады. Сапар барысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы да талқыланды. Ауғанстанда өсірілетін анар, жүзім, өрік, жаңғақ, қауын-қарбыз өнімдерін Қазақстандағы ірі сауда желілеріне шығару жөніндегі уағдаластық расталды. Өз кезегінде біздің ел ұн мен азық-түлік өнімдерінің экспортын ұлғайтуды көздеп отыр.

Кабулдағы кездесулердің тағы бір маңызды астары бар. Маусым айында Мемлекет басшысы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы заңға қол қойды. Бұл құрылым халықаралық ұйымдар, донорлар мен өңір мемлекеттерінің күшін біріктіретін маңызды алаңға айналмақшы.

Осылайша, Кабул сапары үш негізгі бағыттың өзара байланысын көрсетті. Біріншісі  – гуманитарлық жауапкершілік. Екіншісі – экономикалық әріптестік. Үшіншісі – өңірлік көлік пен өндірістік ықпалдастық.

Егер қол жеткізілген келісімдер нақты жобаларға ұласса, Ауғанстан Қазақстанның оңтүстік бағыттағы сыртқы саясаты мен экономикасындағы ең маңызды серіктестердің біріне айналуы әбден мүмкін. Бүгінде Кабул бағыты гуманитарлық көмектің ғана емес, жаңа нарықтар мен мүмкіндіктердің де жолы болып тұр.

Кабул сапары аясында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ауғанстанның ішкі істер министрі Сираджуддин Хакканимен кездесті. Тараптар қауіпсіздік, кадр даярлау мен өнеркәсіптік ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Кездесуде есірткі саудасы мен экс­тремизмге қарсы іс-қимылды күшейту, құқық қорғау органдары ара­сындағы тікелей байланыстарды дамыту жайы сөз болды. «Қауіпсіздік – сауда мен инвестицияның, өндірістік кооперацияның және жаңа жобалардың берік іргетасы», деді Серік Жұманғарин.

Тараптар кинологиялық қызмет мамандарын даярлау мәселесіне де назар аударды. Қазақстан ІІМ Алматыдағы Кинологиялық орталық базасында ауған мамандарын оқытуға дайын. Алғашқы кезеңде бес кинолог даярланып, келесі жылы ауған тарапына бес қызметтік ит беру жоспарланып отыр.

Келіссөз барысында Мазари-Шарифтегі азот өндіру зауытын жаңғырту жобасы талқыланды. Қазақстандық инженерлер нысанға алдын ала барып, алдағы техникалық сараптамаға дайындық жүргізген. Жоба аясында өндірісті жаңғырту, жабдық жеткізу мен инженерлік сүйемелдеу мәселелері қарастырылып жатыр.

Тараптар қауіпсіздік, сенімді логис­тика мен тұрақты байланыс ірі инвес­тициялық жобалардың табысты жүзеге асуының басты шарты екенін атап өтті.

Бұған қоса, Кабул сапары аясында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Кабул университеті арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа сәйкес Кабул университеті базасында су ресурстарын басқару, ирригация және климат өзгерісі жағдайындағы орнық­ты ауыл шаруашылығына арналған алғашқы Қазақстан – Ауғанстан білім беру және ғылыми-зерттеу орталығы ашылады. Жаңа құрылым маман даяр­лау, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және су қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты тәжірибелік шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді. Серік Жұманғариннің айтуынша, су дипломатиясы мен су ресурстарын тиімді пайдалану өңірлік ынтымақтастықтың маңызды бағыты саналады.

Бөлісу:
Сындарлы ынтымақтастық игілігі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар