Екінші тур: Түркияның жолы болмады
<p style="text-align: left;">Үш ел бірлесіп ұйымдастырып жатқан ХХІІІ әлем чемпионатының топтық кезеңі қыза түсті. Жарыстың алғашқы сенсациялары да тіркеліп үлгерді. 2002 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Түркия құрамасы мерзімінен бұрын мундиальмен қош айтысса, дүбірлі додаға тұңғыш рет қатысып отырған Кабо-Верде футболшылары әлем жанкүйерлерін тәнті етті.</p>

Турнирдегі ең күтпеген нәтижелердің бірі АҚШ-тың Майами қаласында тіркелді. «Хард Рок» стадионында өткен кездесуде Кабо-Верде құрамасы Уругваймен тең түсті. Бірінші турда әлем чемпионы Испаниядан ұпай жұлып алған (0:0) аралдықтар бұл жолы да мінез көрсетті. «Н» тобы аясындағы матчтың 21-минутында Кевин Ленини айып соққысын дәл орындап, командасын алға шығарды. Алайда 44-минутта Максимилиано Араухо таразы басын теңестірсе, бірінші таймға қосылған уақытта Агустин Каноббио Уругвайды алға шығарды. Соған қарамастан Кабо-Верденің сағы сынбады. Кездесудің 61-минутында Элио Варела есепті қайта теңестіріп, командасына маңызды бір ұпай сыйлады. Халқының саны жарты миллионға да жетпейтін мемлекет енді соңғы турда Сауд Арабиясымен кездеседі. Жеңіске жеткен жағдайда плей-офф кезеңіне жолдама алу мүмкіндігі сақталады.
Бұл топтағы екінші матч Атлантадағы «Мерседес-Бенц Стэдиумда» өтті. Испания құрамасы Сауд Арабиясын 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Ламин Ямаль 10-минутта есеп ашып, әлем чемпионатындағы алғашқы голын соқты. Кейін испандар қарқынын үдетіп, Микель Оярсабаль 21 және 24-минуттарда дубль авторы атанды. Ал 49-минутта саудиялық қорғаушы Хасан Әл-Тамбакти өз қақпасына гол соғып алды.
Күтпеген нәтиже «G» тобында да тіркелді. АҚШ-тың Инглвуд қаласындағы «Соу-Фай» стадионында Иран құрамасы Бельгиядан ұпай тартып алды – 0:0. Тіпті жеңіске де жақын болды. Алайда 25-минутта Мехди Таремидің голын төрешілер офсайдқа байланысты есепке алмады. Құрамын жасартқан Бельгия шабуылды үдеткенімен, ирандықтардың ұйымдасқан қорғанысын бұза алмады.
Осы топтағы тағы бір матч Канаданың Ванкувер қаласында өтті. «Би-Си Плэйс» стадионында Мысыр құрамасы Жаңа Зеландияны 3:1 есебімен жеңді. Финн Сёрман 15-минутта есеп ашып, жаңазеландиялықтарды алға шығарғанымен, екінші таймда ойын тізгіні толықтай африкалықтардың қолына өтті. 58-минутта Мұстафа Зико таразы басын теңестірсе, Мұхамед Салах 67-минутта, Трезеге 82-минутта мергендік танытты. Осылайша, Мысыр екі турдан кейін төрт ұпай жинап, топ көшбасына көтерілді.
«Ғ» тобында Нидерланд құрамасы Швецияны 5:1 есебімен ойсырата жеңіп, бірінші орынға шықты. Екі тур қорытындысында үш ұпай жинаған Жапония екінші сатыға жайғасты. Әлем чемпионатының дебютанттарының бірі Кюрасао құрамасы «Е» тобындағы алғашқы ұпайын иеленді. Канзас-Ситидегі «Эрроухед» стадионында олар Эквадормен 0:0 есебімен тең түсіп, плей-оффқа шығуға әлі де мүмкіндігі бар екенін көрсетті.
Ал топ көшбасшысы Германия жеңісті сериясын жалғастырды. Немістер Кот-д’Ивуар құрамасын 2:1 есебімен жеңді. Матчтың 30-минутында Франк Кессье есеп ашқанымен, ойын тағдырын қосалқы құрамнан шыққан Дениз Ундав шешті. Ол 68-минутта есепті теңестіріп, 90+4-минутта жеңіс голын соқты. Осы нәтижеден кейін Германия мерзімінен бұрын плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Енді екі турдан кейін-ақ келесі кезеңге шығу мүмкіндігін жоғалтқан құрамаларға тоқталсақ, олардың қатарында Түркия бар. «D» тобында өнер көрсетіп жатқан түріктер алғашқы ойында Аустралияға 0:2 есебімен есе жіберсе, екінші турда Парагвайдан 0:1 есебімен жеңілді. 2002 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған команда араға ұзақ жылдар салып мундиальға қайта оралғанымен, жоғары деңгейдегі ойын көрсете алмады.
«С» тобындағы Гаити құрамасы да жарысты топтық кезеңде аяқтайды. Екінші турда олар Бразилияға 0:3 есебімен жол берді. Сондай-ақ «Ғ» тобындағы Тунис құрамасының да плей-оффқа шығу мүмкіндігі қалмады. Африкалық ұжым Жапониядан 0:4 есебімен жеңіліп, турнирдегі жолын ерте аяқтайтын болды.