Қазақ-қытай әріптестігінің жаңа жобалары
<p style="text-align: left;">Қытайдағы «Жазғы Давос» форумының аясында Премьер-министр Олжас Бектенов Қытайдың же­текші компаниялары басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Келіссөздер өзе­гіне су шаруашылығы, жа­­санды интеллект, көлік жа­сау, металлургия, кө­мір химиясы мен энергетика са­лаларындағы ірі инвес­ти­­циялық жобалар арқау болды.</p>

Ел Үкіметтің басты мақсаты – жаңа өндірістер ашу, технология тарту мен терең өңдеу үлесін ұлғайту. Қытайға жұмыс сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектенов өнеркәсіп, цифрландыру мен жоғары технология саласында жетекші орын алатын бірқатар ірі компания басшыларымен келіссөз жүргізді. Кездесулердің басты тақырыбы – жаңа инвестициялық жобалар, өндірісті жергіліктендіру мен технологиялық жаңғырту.
Аграрлық секторға қатысты маңызды келіссөздердің бірі «Yulin Irrigation» компаниясының бас директоры Ци Юбомен өтті. Әңгіме өзегінде Қызылорда облысында ирригациялық жабдықтарды құрастыру жобасы тұрды. Су үнемдеу технологияларын енгізу ауыл шаруашылығы өнімділігін арттырудың маңызды тетігі ретінде қарастырылып отыр.
Өнеркәсіптік кооперация мәселесі «Xiamen Wanli Stone» компаниясының басшысы Ху Цзиньпэймен талқыланды. Тараптар көмір химиясы, металлургия мен сирек металдарды терең өңдеу бағытындағы ықпалдастық мүмкіндіктерін қарастырды. Жоба көмірден жартылай кокс, сутегі мен жоғары сапалы мұнай өнімдерін өндіретін кешен қалыптастыруды көздейді.
Сапардың ерекше назар аудартқан бағыттарының бірі – жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылым. SuperX AI Technology Limited компаниясының басшысы Хуан Чэньхун Қазақстанда қуаты 1 гигаваттқа дейін жететін AI Data Center кластерін құру бастамасын таныстырды. Жоба жасанды интеллект кампусын салуды, деректерді өңдеу орталықтарын дамытуды әрі жоғары өнімді серверлік жабдықтарды орналастыруды қамтиды.
Бүгінде цифрлық трансформация елдің стратегиялық басымдықтарының біріне айналып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен келесі жыл «Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы» болып жарияланған. Осыған байланысты Үкімет ұсынылған жобаны жан-жақты зерделеу үшін арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.
Өндірістік әлеуетті күшейту мәселесі «Jinyi Holding Group» басшысы Цзинь Пэнмен кездесуде де көтерілді. Компания Ақтөбе облысында «жасыл» мыс зауыты мен Батыс Қазақстан облысында индустриялық-логистикалық хаб салу жобаларын жүзеге асырып жатыр. Ақтөбеде дайын инженерлік инфрақұрылымы бар ірі индустриялық парк құру бастамасы да қаралды. Бұл алаң шетелдік өндірістерді жедел орналастыруға мүмкіндік береді.
Автомобиль жасау саласы да назардан тыс қалған жоқ. «Guangzhou Automobile Group» компаниясының төрағасы Фэн Синьямен кездесуде көлік өндірісін жергіліктендіру мәселесі талқыланды. Жоспарға сәйкес, 2026–2028 жылдары 17 мыңға жуық автомобиль шығару көзделіп отыр.
Энергетикадағы жаңа технологияларға қатысты келіссөздер әлемдік аккумулятор өндірісінің көшбасшысы саналатын «CATL» компаниясының негізін қалаушы Цэн Юйцюнмен өтті. Әңгіме аккумулятор батареяларын шығару, энергия сақтау жүйелерін дамыту мен пайдаланылған батареяларды қайта өңдеу бағытындағы ықтимал жобалар төңірегінде өрбіді.
Металлургия саласын жаңғырту мәселесі «CISDI Engineering» компаниясының вице-президенті Юн Люмен талқыланды. Тараптар шойынды күкірттен тазарту жобасын іске асыру мен елімізде жаңа құю-жаймалау кешенін салу мүмкіндіктерін қарастырды. Кездесулер қорытындысында Олжас Бектенов еліміздің ұзақмерзімді әріптестікке, өндірісті жергіліктендіруге, технология алмасуға және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүдделі инвесторлар үшін ашық екенін жеткізді.
Сарапшылардың пікірінше, Қытайдағы келіссөздер пакеті ел экономикасының жаңа бағытын айқын көрсетеді. Әңгіме енді тек инвестиция тарту туралы емес, өндірісті тереңдету, жаңа технологияларды игеру мен халықаралық өндірістік тізбектерге кірігу туралы болып отыр. Бұл бағыттар елдің индустриялық даму сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.