Саясат
2 мин оқу 40

Провинция губернаторларымен кездесті

<p style="text-align: left;">Еліміз Ауғанстанның жекелеген өңірлерімен тікелей экономика&shy;лық байланысты күшейтуге ден қойып отыр. Кабулдағы кездесуде Герат пен Құндыз провинцияларымен сауда, логистика, аг&shy;роөнеркәсіп пен инвестициялық жобаларды дамыту мәсе&shy;лесі талқыланды. Бұл қадамдар екі ел арасындағы ынтымақтас&shy;тықты нақты өңірлік жобалар арқылы тереңдетуге жол ашады.</p>

Провинция губернаторларымен кездесті

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Кабулға сапары аясында Герат провинциясының губернаторы Нұр Ахмад Исламжармен, Құндыз провинциясының губернаторы Маулави Насрулла Матимен кездесуі өтті. Келіссөздерде сауда байланысын кеңейту, көлік дәліздерін дамыту мен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Серік Жұманғариннің айтуынша, Герат пен Құндыз – Қазақстан ең белсенді экономикалық байланыс орнатқан өңірлердің қатарында. Герат губернаторымен кездесуде көлік-логистикалық бағытқа басымдық берілді. Тараптар Тургунди–Герат темір жол жобасы мен Хаф–Герат теміржол желісінің құрылысына тоқталды. Бұл бағыттар Ауғанстанның көлік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, өңірлік сауда ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Біз Гератты қазақстандық өнімді ауған нарығына шығарудағы негізгі тораптардың бірі ретінде қарастырамыз. Астық пен ұн, өсімдік майы, құрылыс материалдары, металлургия өнімдері, ауыл шаруашылығы техникасы мен химия өнеркәсібі тауарларын жеткізуге қызығушылық жоғары», деді Серік Жұманғарин.

Вице-премьер Қазақстан нары­ғына ауған жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізу көлемін арттыруды ұсынды. Өз кезегінде Гератқа қазақстандық ұн экспортын көбейту мәселесі талқыланды. Биыл көктемде еліміздің Гераттағы сауда үйінің қолдауымен қазақстандық ұн жеткізу жөнінде екі келісімшарт жасалған.

Герат губернаторы өз сөзінде Ақтау порты арқылы ауған өнімдерін сыртқы нарықтарға шығарудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, көлік инфрақұрылымының дамуы бүкіл Ауғанстан экономикасына серпін береді.

Құндыз губернаторымен кездесуде инвестициялық жобаларға ерекше назар аударылды. Ауған тарапы қазақстандық бизнестің цемент зауытын салу жобасына қатысуына қызығушылық танытты. Өңірде мұндай өндіріс ашуға қажетті шикізат қоры жеткілікті екені айтылды.

Бұдан бөлек, Құндыз кәсіпкерлері біздің елден ұн мен күнбағыс ма­йын им­порттауға, сондай-ақ жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау инфра­құрылымын дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Келіссөздер барысында агро­өнеркәсіп саласы да кеңінен сөз болды. Ауғанстандағы ең ірі ауыл шаруашылығы өңірлерінің бірі саналатын Құндыз минералды тыңайт­қыш өндіретін кәсіпорын құруды жоспарлап отыр. Бұл бастамаға қазақстандық әріптестерді тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Сарапшылардың пікірінше, Герат пен Құндызға қатысты бастамалар еліміздің Ауғанстанмен сауда байланысын ғана емес, өңірлік өндірістік кооперацияны да жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бірі – маңызды логистикалық хаб, екіншісі – аграрлық әлеуеті жоғары өңір. Сондықтан бұл бағыттағы келіссөздер екі ел арасындағы экономикалық әріптестіктің нақты жобаларға ұласып келе жатқанын көрсетеді.

Бөлісу:
Провинция губернаторларымен кездесті · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар