Мемлекеттік қызметшілердің еңбегі еленді
<p style="text-align: left;">Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде кәсіби мерекеге орай салтанатты іс-шара өтті. Жиында бес азамат «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапатталып, өз ісінде жоғары нәтижеге қол жеткізген үш маманға «Үздік мемлекеттік қызметші» медалі тапсырылды.</p>
Елдің тұрақты дамуын, саясатын жүйелейтін – мемлекеттік қызметшілер. Бүгінде салада реформалардың нәтижелілігін, билік институттарына деген сенім мен халықтың өмір сапасын қадағалайтын 83 мыңнан аса мемлекеттік қызметші бар. Оның ішінде әйелдер 56%-ды құраса, ерлердің үлесі – 44%.
Салтанатты жиында агенттік төрағасы Дархан Жазықбай осы азаматтарды мерекемен құттықтап, қызмет жолындағы еңбегін, қоғам алдындағы жауапкершілігін айрықша атап өтті.
– Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі және халықтың мемлекетке деген сенімі сіздердің ынталы және адал еңбектеріңізге тікелей байланысты. Жұртшылық мемлекеттік қызметшілерден қоғамдық мүддеге адал қызмет етуді, әділ болуды, күш-жігері мен білімін елдің өркендеуіне жұмсауды күтеді. Халық сіздерден мемлекетке жанашыр азаматты көргісі келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтің сапасын одан әрі арттыру үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз және берген уәдеміз бен ісіміз үшін жа-уап бере білуіміз керек» деген пікірі мемлекеттік қызметшілер үшін ерекше маңызға ие, – деді ол.
Д.Жазықбай өз сөзінде жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституциямыз жақында күшіне енетінін, оның аясындағы реформалардың табысты жүзеге асуына мемлекеттік қызметшілер де жауапты екенін тілге тиек етті.
– Кез келген реформаның табысты болуы оны жүзеге асыратын адамдардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне байланысты. Әсіресе Конституцияда белгіленген қағидаттарды өмірде жүзеге асыруда мемлекеттік қызметшілердің рөлі ерекше. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген міндеттерді сапалы әрі жауапкершілікпен орындауға тиіс. Алдымызда Әділетті Қазақстанды құру, мемлекеттік стратегиялық міндеттерді сапалы жүзеге асыру, Отанымызды одан әрі өркендету міндеті тұр. Бірлік пен ынтымақты ту етіп, жұмыла еңбек етсек, алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ, – деді агенттік төрағасы.
Кейінгі жылдары Президенттің тікелей тапсырмасымен мемлекеттік қызметті жаңғырту бағытында маңызды бастамалар қолға алынып, мемлекеттік аппараттың жұмысы адамға бағдарланған әрі сервистік сипатқа ие бола бастады.
– Мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту үшін жаңа «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданды. Құжатта мемлекеттік қызметтің миссиясы, міндеттері мен талаптары жаңаша айқындалып, мемлекеттік қызметшілердің адамға бағдарланған мінез-құлық үлгісі бекітілді. Бұл азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер арасындағы қарым-қатынас мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге, мемлекеттік қызметтердің қолжетімді әрі бюрократиялық кедергілерсіз көрсетілуіне мүмкіндік береді, – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов.
Салтанатты жиында «Мемлекеттік қызмет туралы» заңды қабылдауға үлес қосқан Парламент қызметкерлеріне алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген қызметшілерді ынталандыруға, мәртебесін арттыру бағытында ұйымдастырылған «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бұған қоса лауазымдық міндеттерін үлгілі атқарған мемлекеттік қызметшілер агенттік төрағасының грамотасы мен алғыс хатын алды.
– Жалпы еңбек өтілім шамамен 30 жылға жуық болса, соның 27 жылдан астамын мемлекеттік қызметке арнадым. Еңбек жолымды бұрынғы Мемлекеттік кірістер министрлігінің Кеден комитетінде бастадым. Кейін Мемлекеттік құпияларды қорғау агенттігінде бас маман болып жұмыс істедім. Одан соң Премьер-министр Кеңсесінде және Президент Әкімшілігінде қызмет атқардым. Ал кейінгі 18 жыл Парламент Сенатында еңбек етіп келемін. Марапатымды мемлекет пен қоғамның маған артқан сенімі мен еңбегіме берген жоғары бағасы деп қабылдаймын. Бұл – үлкен құрмет әрі жауапкершілік, – деді «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапатталған Қарашаш Исмаилова.
Жиында билік құрылымына алғаш қадам басқан бес азамат адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді. Іс-шараға мемлекеттік қызмет ардагерлері, агенттік пен Мемлекеттік басқару академиясының ұжымы қатысты.