«Ауыл» партиясындағы ауыс-түйіс
<p style="text-align: left;">Кеше елордада «Ауыл» партиясының кезектен тыс съезі өтіп, жиын барысында партияның ағымдағы міндеттері және жаңа Конституцияның қабылдануына орай партия Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралды.</p>

Алғашқы сөзді алған Мәжілістің Аграрлық комитеті төрағасы, депутат Серік Егізбаев «Ауыл» партиясының төрағасы қызметінен кететінін мәлімдеді.
«Бүгінгі саяси сәт барлық прогрессивті күштерден қоғамның жаңару сұранысына лайықты жауап беруді талап етеді. Бұл сұраныс конституциялық реформа барысында дәлелденді. «Ауыл» партиясы осы үдерістерден шетте қала алмайды, керісінше, партия олардың белсенді қатысушысы, ал бұл үшін аграрлық және әлеуметтік күн тәртібіне жаңа көзқарас әкелуді, жаңартылған саяси жүйеде тиімді жұмыс істеуді қажет етеді. Сондықтан партия төрағасы қызметімді тоқтатуым партияның ішкі динамикаға дайындығын, жаңа саяси жүйеде алдағы сайлауға толыққанды қатысуға ниеттілігін көрсететін заңды қадам болады», деген ол бұдан әрі де өзінің партия мақсаттарына адал әрі жаңа төрағаға партия қызметінің сабақтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол партия қатарында белсенді қызметін жалғастыра бермек.
С.Егізбаев өзінің орынбасары Қайрат Айтуғановтың кандидатурасын партияның төрағасы лауазымына ұсынды.
«Қайрат Қапарұлы – аграрлық экономика, мемлекеттік қызмет пен ғылыми салада 40 жылдан аса еңбек өтілі бар жоғары білікті басшы, экономист және мемлекет қайраткері. Әр жылдары Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі, аппарат басшысы, сондай-ақ Халықаралық қайта құру және даму банкі жүзеге асырған жобаның жетекшісі, «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары секілді қызметтерді атқарған», деп атап өтті.
С.Егізбаевтың айтуынша, жаңа төрағаның партиялық жұмыста сабақтастықты қамтамасыз етіп, алда тұрған міндеттерді іске асыруды үйлестіруге зор мүмкіндігі бар. Съезд делегаттары Қ.Айтуғановтың «Ауыл» партиясының жаңа төрағасы болып сайлануын бірауыздан қолдады.
Сонымен қатар съезде жаңа Конституцияға сәйкес партия Жарғысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Сол өзгерістің бірі – партияның орыс тіліндегі атауының өзгеруі. Бұрын мемлекеттік тілде де, орыс тілінде де «Ауыл» партиясы» деп аталса, ендігі уақытта орысша «Партия «Ауыл» деп өзгеріп отыр.
Жаңа төраға Қ.Айтуғанов журналистерге берген сұхбатында өзін осы лауазымға лайық көріп, қолдап дауыс берген партияластарына алғысын жеткізді.
«Мен бұл партияға жаңадан келіп отырған жоқпын. Алты жылдан бері осы құрылым қатарындамын, үш жарым жыл төрағаның орынбасары болып еңбек еттім. Алдағы мақсаттарымызға келсек, тамыз айының басында партияның үлкен съезі өтпек. Сол жерде жаңадан құрылатын Құрылтайға партия атынан үміткерлер іріктеледі», деді ол.