Басықарадағы балық тоғаны
<p style="text-align: left;">«Арал Рыбторг» ЖШС Қазалы ауданындағы Басықара ауылының аумағынан 464 гектар жер учаскесін жалға алып, балық өсіретін арнайы тоған салып жатыр. Құны 650 млн теңге болатын «Тауарлы балық өсіру тоғанының құрылысы» жобасы келер жылы толық іске қосылмақ.</p>

Жобаға жұмсалатын қаржының жартысына жуығын қосқан кәсіпкер Қуаныш Өмірзақовтың айтуынша, қалған қаражатты «Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы алуға ұсыныс берілген. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген жобаны алда Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесімен қаржыландыру көзделіп отыр.
Былтыр кәсіпкер құрылысы аяқталған тоғандарға 400 мың дана шабақ әкеліп жіберген. Қазір серіктестіктегі 4 жаздық тоғанның екеуінде балық бар. Жобаға сәйкес мұнда барлығы 52 тоған салынып, биыл күзде 500 тоннаға жуық тауарлы балық алу жоспарланып отыр.
Келер жылы жергілікті тұрғындар арасынан 30-ға жуық адам жұмыспен қамтылмақ.
Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы