«Құлагердегі» қоныстой
<p style="text-align: left;">Талдықорған қаласындағы «Құлагер» шағын ауданында бой көтерген №24 көпқабатты тұрғын үйдің есігі айқара ашылды. Ондаған отбасы көптен күткен қоныстойын тойлады. Жаңа баспананың кілтін тұрғындарға облыс әкімі Бейбіт Исабаев салтанатты түрде табыстап, жаңа қоныс иелерін құттықтады.</p>

Өңірде тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрғын үймен қамту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсаттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірде жыл сайын жаңа тұрғын үйлер салынып, баспана кезегінде тұрған азаматтардың арманы орындалып жатыр.
Биыл сәуір айында «Otbasy Qurylys Group» ЖШС қолға алған құрылыс жұмыстары қысқа мерзімде сапалы аяқталып, 48 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай салынған баспанада 12 бір бөлмелі, 12 екі бөлмелі, 24 үш бөлмелі пәтер бар. Жалпы ауданы 2817,5 шаршы метрді құрайды. Барлығы дерлік әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарға үлестірілді. Олардың қатарында көпбалалы, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған, тұрмыстық жағдайы төмен отбасылар бар. Жаңа қонысқа ие болғандардың қуанышында шек жоқ. Солардың бірі – үш баланың анасы Мархамат Қасенова.
«Тоғыз жыл бұрын толық емес отбасы ретінде тұрғын үй кезегіне тұрған едім. Осы уақыт ішінде балаларыммен бірге пәтерден пәтерге көшіп, талай қиындықты бастан өткердік. Бүгін облыс әкімінің қолынан үш бөлмелі пәтердің кілтін алып тұрмын. Бұл – мен үшін ғана емес, балаларым үшін де үлкен бақыт. Енді өз үйімізде алаңсыз өмір сүретін боламыз. Мемлекетке, ел басшылығына шынайы алғысымды білдіремін», деді ол.
Жетім бала санатындағы Мұхамед Боталбаев: «2011 жылдан бері үй кезегінде тұрдым. Осы уақытқа дейін жалдамалы пәтер жағалап, ай сайын қомақты қаражат төлеп келдік. Қазір қолымызда екі бөлмелі пәтердің кілті тұр. Екі жасар ұлым бар. Өз баспанамыз болатынына әлі де сенер-сенбесімізді білмейміз. Бізге осындай мүмкіндік жасаған азаматтарға алғысымыз шексіз», деді толқынысын жасыра алмай.
Өңірде, әсіресе облыс орталығы – Талдықорған қаласында тұрғын үй саласы қарқынды дамып келеді. Өткен жылы шаһарда 630-дан астам адам жаңа пәтерге қол жеткізсе, биыл жыл соңына дейін 1 400-ге жуық баспана пайдалануға берілмекші. Облыс құрылған уақыттан бері Талдықорған қаласында әлеуметтік осал топтағы 2 358 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Жаңа тұрғындарды құттықтаған облыс әкімі Б.Исабаев халықтың өмір сапасын жақсартуда тұрғын үй құрылысының маңызы ерекше екенін атап өтті.
«Баспана – әр отбасының берекесі мен тұрақтылығының негізі. Қолжетімді тұрғын үй, сапалы ауызсу, жол, газдандыру, жаңа мектептер мен ауруханалар салу – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған басты міндеттер. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде тұрғын үй құрылысының көлемі жыл сайын артып келеді. Кейінгі төрт жылдың өзінде облыста 1,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 11 мыңға жуық отбасы баспаналы болды. Биыл тағы үш мыңнан астам азаматтың тұрғын үй мәселесін шешу жоспарланып отыр», деді Б.Исабаев.
Жыл басынан бері өңірде 415 отбасы жаңа қонысқа қол жеткізсе, соның 32-сі дәл осы күні қоныстойын тойлады. Бұл – мемлекет қолға алған тұрғын үй бағдарламаларының нақты нәтижесі әрі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі.
Баспаналы болған әрбір отбасының қуанышы – елдің қуанышы. Ал тұрғын үй мәселесінің оң шешім табуы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының, халық игілігі жолындағы бастамалардың нақты көрінісі. Жетісуда бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, талай отбасының шаңырағында шаттық шамы жағылатыны сөзсіз.
Жетісу облысы